Елбасы: Қазақстанның ең орасан жетістігі — қазақстандықтардың жаңа буыны

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жас буынды Жастар жылының басталуымен құттықтады.

«Сөзді тоқтатпай айта берсін деген ой келеді (жастарға қарата — авт). Мен айтайын деген негізгі мәселенің барлығын әр салада көтеріп жатырсыңдар. Осы 27 жыл Тәуелсіздіктің ішінде көп нәрсе жасадық. Көп жеңіске жеттік. Тәуелсіз Қазақстанды орнатып, ондай мемлекетті дүниежүзінің картасына қойдық. Бұл шекарада, бұл ауқымда дәл осындай жағдайда еш уақытта Қазақстан болған жоқ. Дүниежүзі барлығы паш еткен, мойындаған, қадірлеген ел бола алғанымыз жоқ. Сондықтан, ата-бабамыздың арманын орындап, біздің буын тәуелсіздік орнатты. Әрбір адам саясатқа келгенде, әсіресе ел басқарамын деген үміті болса, оның халыққа жолдайтын ойы, жоспары болуы керек. Сол жоспарды іске асырып, нәтижесін көрген саясаткер бақытты. Істеп жатқан жұмыстың бәрін айта беруге болады. Тәуелсіздігімізді алдық, экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын арттырдық, мәдениетін, денсаулығын көтердік, Астананы салдық. Бірақ, ішіндегі ең негізгі жетістік — сендерді, жас буын қазақстандықтарды тәрбиелеп шықтық», — деді Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.

Президент өз сөзінде осы жүзеге асырылған шаралардың ең негізгісі — жаңа буын екенін атап өтті.

«Мен көріп отырған қазақстандықтардың жаңа буыны — Қазақстанның ең орасан жетістігі, Мемлекет башсысы ретіндегі менің жұмысымның нәтижесі. Сіздермен кездесіп отырғаным үшін өте бақыттымын. Мен Қазақстанда Жастар жылының басталуымен құттықтаймын», — деді Елбасы.

Президент бүгінгі таңда өмірдің барлық саласы, білім де, жұмыс та, өзара қарым-қатынас та өзгеріп келе жатқанын атап өтті.

«Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектеп оқып жүргенде, әсіресе ауылда теледидар да жоқ еді. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрінің 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек», — деді Мемлекет басшысы.


Елбасы өз сөзінде сол себепті жастар — бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы екенін тілге тиек етті.

«Аллаға шүкір, біз әлемнің дамыған елу елінің қатарына ендік. Бірақ, бұл әлі де аз. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады. Мен бұл жігерді Сіздерден көріп отырмын», — деді Елбасы.

Айта кетсек, Жастар жылының ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын. Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment