ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Мәдина Сағынбекова жуырда ғана Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында сахнада өнер көрсетіп жүргеніне 25 жыл толуына орай «Сайра, бұлбұл!» атты ән кешін өткізген болатын. Әншінің ширек ғасырлық еңбегінің қорытындысы ретіндегі есеп беру кеші көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болды. Жұртшылықты әдемі әндерімен сусындатып жүрген сырлы әнші Мәдинамен жүздесіп, өмірі мен өнері жайында сұхбаттасқан едік.
– Мәдина Жақсылыққызы, биыл сахнада жүргеніңізге жиырма бес жыл болыпты, құттықтаймыз! Әрбір өнер адамы есеп беру кешін өткізбес бұрын алдына мақсат қояды ғой. Өзіңіз көздеген мақсатыңызға жеттім деп ойлайсыз ба? Концертіңіз көңіліңізден шықты ма?
– Концерт, сөз жоқ, тамаша өтті. Жаңадан жаздырған әндерімнің барлығын орындап шықтым. «25 жылдық кешім осындай болса…» деген асқақ арманымның бәрі орындалып, Аллаға шүкір, тіпті ойлағаннан да асып түсті. Мен соған ризамын.
– Концертіңізді өткізуге неге көктем мезгілін таңдадыңыз?
– Өзім көктемде туылғанмын. Бұл маусымды ерекше жақсы көремін. Көктем мен үшін жаңару, сезім мезгілі. Осы мезгілден шабыт аламын. Менің концерттерім, жаңа әндерімнің таныстырылымдары да – барлығы көктемде ұйымдастырылады. 15 мамыр жылды қорытындылайтын, оқушылардың
1 аптадан соң демалысқа шығатын кезі ғой. Одан кейін алда жаз басталады. Бұл ай мен үшін қорытындылау кезеңі сияқты болды. Бұл көктем мезгілінде берген төртінші концертім екен. Және сол күні Зарина деген сіңлімнің туған күні, сонымен бірге ағамның да туған күнімен тұспа-тұс. Яғни барлық бауырларымыздың, туған-туыстарымыздың да жиналатын кезі. Негізі, өзімнің туған күнім 24 наурыз. Сол күнге де ұйымдастыруға болар еді, бірақ ол кезде өзіңіз білесіз, іс-шаралар көп. Біздің шарамыз мемлекеттік іс-шаралармен сәйкес келмеуі керек. Сол себепті өз концертімді осы уақытқа ыңғайладым.
– Жалпы, өнерге неше жасыңыздан құмарттыңыз?
– Қазақта қан, тектілік деген бар ғой, сол расымен жібермейді екен. Менің әкемнің әкесі Сағынбек атам гармонмен ән айтқан кісі болыпты. Дүйім жұрттың ортасында өнер көрсетіп, думандатып отырады екен. Анам өнерімді сол кісіден дарыған деп жатады. Ал анамның анасы – нағашы апам да өнерлі кісі болғаны соншалық, топтың ішінде көпшілік «Рәшкүл айтсын! Рәшкүл шырқасын! Рәшкүлдің даусы керемет!» деп қолқа салып жатады екен. Дарыны болмаса олай қолпаштамас еді ғой. Сондықтан өнер менің әкем жақтан да, анам жақтан да келген деп есептеймін. Менің әкем де «Сайра, бұлбұл!» деген әнді домбыраны теріс қарата тоқпақтап отырып, дастарқан басында айтып отыратын. Әкемнің сол айтқан әні мен өскенше санама құйыла берді, құйыла берді. Менің әкем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Өзі сөздің майын тамызып сөйлейтін шешен кісі еді. Сол қасиетіне орай, сөзді түсінесің, сөздің қадірін білесің деп ауылдағы ауылдастары тойын әкеме басқартатын. Әкем жылда «Абай жолын» қайталап оқып отыратын. Маған да «Абай жолын» оқытқан сол кісі. Ол халық әндерін сүйіп тыңдайтын. Анам да өнерден құралақан емес. Абайдың «Сегіз аяғын» сызылып айтып жүретін. Осындай отбасында дүниеге келген мен өнерден қалай алшақ боламын? Өзімнен үлкен ағамның есімін күйші болсын деп Құрманғазы атаған. Бірақ басқа салаға кетті. Менің де есімімді Құрманғазыға ұқсасын деп Дина қойып, кейін Мәдина болды. Яғни өсе келе сол кісілердің тәрбиесі мені өнерге тартты. Өзімнің де арманым әнші болу еді. Қандай жағдай болмасын мен әнші боламын деп шештім. Басында әкем мені ақындыққа баулыды. Түрлі кітаптар оқытты, ақындықтың қыр-сырын үйретті. Мәселен, қағазға «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлең жолын жазып, ары қарай ұйқас қудыратын. Содан ары қарай ұйқас тауып, толықтыра беремін. Сол кездегі жазғандарымның жинағы, өзімнің киіз кітабым бар. Тіпті жазған қаламсабымның да бояуы қою екен, әлі күнге дейін сол күйінше сақталып тұр. Кейін айтыскер ақын Шорабек Айдаров деген кісіге шәкірт боласың деп жетелеп апарды. Біраз айтысқа да қатыстым. Шорабаек ағам маған «Дайындал!» деп бір бөлмеге кіргізіп жіберсе, мен сонда өлең емес, өлеңге домбырамды дыңғырлатып шертіп, ән шығарып отырады екенмін. Ол кісі бірде «Мәдина, мен саған ұйқастарды жаз десем ән шығарып отырғаның не?» деп айтқаны бар. Сол кезде менен айтыскер ақын емес, әнші шығатынын білдім. Содан әкем Айзада деген кісіге әкеліп тапсырды. Ол кісінің кеңесімен 1991 жылы «Мәдениет және өнер» колледжіне құжаттарымды тапсырдым. Міне, сол уақыттан бері өнердемін.
– Шынымды айтсам, мен олай ойламаппын. Бірақ сұрағыңыздың жаны бар, қыз баласы үшін өнер саласы өте қиын екен. Әсіресе байқаулардағы әділетсіздіктерді көргенде жүрегім ауыратын. Одан да басқа ауыртпашылықтары болды ғой. Мен сол қиындықтардың арасында жүріп, оларды жеңіп, бүгінгі жағдайға жеттім. Өмір мені күресуге, сабырлы болуға үйретті. Негізі, бәрі керемет болғанда, мен әнші болмас едім. Мен шыңдалдым, тәжірибе жинадым, өстім. Ал өз қыздарымның әнші, өнер адамы болуына қарсымын. Себебі менің өзім де «Жас қанат» байқауында лауреат болып, бас жүлдені алайын деп тұрған кезімде аяғымнан шалған болатын. Тіпті ұйымдастырушылардың өзі келіп, «тіреуімнің» кім екенін сұрады. Ол кезде қаршадай қызда Алладан басқа қандай тіреу болсын. Дегенмен орындаған әніммен лауреат атандым. Өнерде, байқаулардан алған алғашқы соққым сол болды. Мен одан кейін де талай ән байқауларына қатысып, өз деңгейімді дәлелдедім.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облысымызға жұмыс сапарының бірінде ол кісінің алдында ән айтып, қошеметіне бөленген екенсіз…
– Облыстық «Jambyl» телеарнасынан бұрын кешқұрым 10-15 минуттық концерт беретін. Сол кездегі аймақ басшысы Серік Үмбетов менің гитарамен жанды дауыста ән айтып тұрғанымды көріп қалып, мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеевтен мен туралы сұрайды. Ол кісі менің әндерімді бастан-аяқ тыңдап шықты. Мен ән қоржынымдағы барлық шығармаларды орындап бердім. Арада бір апта өткен соң Президент келді. Мен сол кісінің қатысуымен өтетін концертке шақырылдым. Ол жерде облыстан бөлек, басқа өңірлерден де келген әншілер көп болды. Мен сахнаға шығатын кезегімді күтіп тұрғанда, кенеттен жарық сөніп қалды. Мен ол жерде 2-ақ ән – «Балқадиша» мен Ш.Қалдаяқовтың әнін айтуым керек. Сонда Серік аға: «Мәдина, бұл әндеріңнен басқа тағы әнеу күні айтқан әндеріңнің бәрін айт. Біз жарықты қосып алайық», деп өтініш білдірді. Содан 20-25 минутта репертуарымдағы барлық әнімді орындап шықтым. Елбасы да барлық әнді менімен қосылып айтты. Ол кісінің ерекшелігі – мен орындаған әннің барлығының сөзін жатқа біледі екен. Тіпті ән айтқандағы даусымыздың ырғағы да үйлесіп тұрды. Мен әндерімді айтып біткен соң жарық та жанды. Мен сол кезді ешқашан ұмытпаймын. Елбасымыз маған риза болып, «Айналайын, Мәдина, рахмет!» деп қолыма бір алма ұстатты. Үйге барып мәз болып, сол алманы үй ішімізбен бөліп жедік. Баламын ғой, үйге барған соң Елбасының берген алмасын өзім ғана жегім келіп, бүктеліп тұрған киімімнің арасына тығып қойдым. Бірақ ішіме сыймай анама айтқан едім, «Өзің жегенше бәріміз бөліп жейік. Алып кел бері», деп майдалап турап, бәрімізге үлестірді.
– Сіздің орындауыңыздағы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені» атты Табылды Досымовтың әні сіздің төлқұжатыңыз іспеттес. Бұл әннің осындай хит боларын бірден сездіңіз бе?
– Мен ән таңдауда өз-өзіме өте қатты талап қоямын. Бір әнді таңдайтын болсам, оны әбден ой елегінен өткіземін. Қателеспесем, 2003 жыл болуы керек. Филармонияға жұмысқа келгеніме 2-3 жыл болып қалған. Онда Бағлан Омаров ағамыз әрлеуші болатын. Бірде Бағлан ағаның студиясына ән жаздыруға барып, ән таңдап отырғанмын. Даусыма келетін, ұнайтын ән табылмады. Оң жамбасыма келетін ән таппай дал болып отырғанда Талғат Орынтаев деген күйші ағамыз қасындағы гитараны қолына ала салып шертіп жіберіп, біздің жас кезімізде мынадай ән бар еді деп, «Ұнатамын мен сені» әнін айтып берді. Ән бірден ұнады. «Әннің әдемісін-ай, маған орындауға бола ма?» деп жабыса кеттім. Ол кісі «Неге болмасқа, ұнату деген ортақ сезім ғой», деді. Содан кітаптардан әннің сөзін тауып орындап едім, менің даусыма дөп келді. Әнді 2 күнде жазып бітірдік. Кейін осы әніммен Қалдыбек Құрманәлінің ұйымдастыруымен өтетін «Қазақ әні» деген концертке қатыстым. Қалдыбек ағаға ұнаған болуы керек, келесі жылы сол концертке тағы шақырды. Бұл жолы репитицияда «Ұнатамын мен сені» әнін орындап, сыртқа шықсам денелі келген кісі «Айналайын, қарағым, сәлеметсің бе? Бұл әннің авторын білесің бе?» деп сұрады. Мен «Табылды Досымов қой» дедім. Ол кісі «Табылды деген мен боламын», деді. Алғашында мен не айтарымды білмей, абдырап қалдым. Әнді рұқсатсыз алғаныма ұрысады ма деп те қорықтым. Ол кісі солай ойлағанымды сезген болуы керек, «Бұл ән сенің даусыңа келіп тұр. Мына әнді саған бердім. Мен бұған дейін бірді-екілі әншілерден естіген едім. Ұнамап еді. Мынау сенің әнің. Сен Атырауға кел, мен саған клип түсіртіп беремін. Қарт Каспийдің жағасында жүріп айтасың», деп шақырды. Ол кезде бала-шағам бар, уақытында бара алмадым. Ал ол кісі қайтыс болып кетті. Кейін «Жұлдыздар отбасы» деген журналға сұхбат беріп, жуырда Өзбекстанға барып, Табылдының «Ұнатамын мен сені» әніне клип түсірейін деп жатқанымды айтқан болатынмын. Сол сұхбатты Табылды ағаның жан досы журналист, сол кездегі «Хабар» арнасының продюсері Арман Сқабылұлы оқып, маған бірден хабарласып, «Хабар» арнасының клип түсіріп беретінін айтты. Көп ұзамай әдемі бейнебаян түсірілді. Содан бастап бұл ән менің төлқұжатыма айналды.
– «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшаңыздан жиі байқайтыным, сіздің өнер саласында достарыңыз көп екен. Жалпы, өнерде шынайы достық болады ма?
– Әрине, шынайы достық бар. Менің оған дәлелім, кешегі менің концертімде жүргізуші болған Айгүл Иманбаева құрбым екеуміздің арамыздағы достықты айтсам болады. Қанша жыл өтсе де достығымызға сызат түскен жоқ. Ал Айгүл Мақашевамен мектеп қабырғасынан бері араласып келеміз. Мен досқа адалмын. Бір жыл немесе бір ай ғана дос болып, ажырап кету – менің табиғатыма жат. Мен әрқашан достарымды іздеп тұрамын. Сыр сақтай аламын. Қашанда араласатын құрбыларымның қуанышын, қайғысын да бөлісуге, қандай жағдай болмасын қол ұшын беруге даяр тұрамын. Содан шығар, Аллаға шүкір, досқа баймын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова