Депутаттар алғашқы ұстаздарымен кездесті

«Amanat» партиясы аудандық  филиалында филиал төрағасы Индира Спаналиеваның ұйымдастыруымен аудандық мәслихаттың бірнеше депутаты Мұғалімдер күні мерекесіне орай өздерінің бірінші сыныпта сабақ берген ұстаздарымен кездесті.
Мұндай кездесу болатынын білмеген ардагер ұстаздар Ашура Майлыбекова, Айша Ноғаева, Жанаркүл Диханбаева, Аягөз Жақсымбетова, Нұржамал Құрманбаева, Мая Рахимова, Назым Әлібековалар филиалға келгеннен кейін неге тек қана бастауыш сыныптың ардагер ұстаздарын шақырғандарына түсінбей отырды.
-«Amanat» партиясы — халықтық партия. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» деген жобасы аясында Сіздерді Мұғалімдер күні  мерекесімен құттықтаймыз! Сіздер ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шықтыңыздар. Шәкірттеріңіз бүгінде Тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Бұл Сіздер үшін мақтаныш. Бейнеттің зейнетін көре отырып, балаларыңыз бен шәкірттеріңіздің қуанышына кенеле беріңіздер, — деген филиал төрағасы Индира Абылханқызы ұстаздарға филиал атынан Құттықтау хат табыс етті.
Осы сәтте бөлмеге қолдарында десте-десте гүл шоқтары бар «Amanat» партиясынан  сайланған аудандық мәслихаттың депутаттары Асылбек Жантаев, Құралай Үкібаева, Гүлбахрам Ермекова, Бекен  Абитаев, Елнұрбек Ермеков, Азамат Болатбеков, Ерлан Рыскелдіұлы кіріп келді. Шәкірттерін көрген ұстаздар абдырап қалды.  Әр депутат өзіне бірінші сыныпта сабақ берген ұстаздарына гүл шоқтарын ұсынып, мерекелерімен құттықтап жатты…

-Құрметті ардагер ұстаздар, біз сіздерге тосын сый жасайық деген ниетпен өздеріңіздің бірінші сыныпта сабақ берген шәкірттеріңізбен кездестіруді ойластырдық. Осыдан 30-40 жыл бұрын бірінші сыныпта оқытқан оқушыларыңыз үлкен азамат болды, халықтың қалаулысы. Ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген олар алдарыңызда тұр. Араларында сіздердің жолдарыңызды қуған ұстаздарда бар. Енді ұстаз бен шәкірт арасында еркін форматта әңгіме құрайық. Өткен-кеткенді, қызықты сәттерді еске түсірейік, — деді Индира Спаналиева.
-Мен 1980 жылы мектепте алғашқы еңбек жолымды бастадым. Маған бірден 1-сынып берілді. Сыныпта  Асылбек оқитын. Ол жақсы оқыды, тәртіпті болды. Өсе келе үлкен азамат болып, құрылыс саласында басшылық қызметте жүргенін мақтан етемін. Ал депутат болып сайланғанда алғаш  қуанғандардың бірімін. Міне бүгін араға 43 жыл салып сол бірінші сыныпта сабақ берген шәкіртіммен табыстырып отырған «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индираға алғыс айтамын, — деді А.Жантаевтың ұстазы Назым Әлібекова.
-Менде алдымен өзіміздің төл мерекеміз қарсаңында осындай тосын сый жасап отырған «Amanat» партиясы аудандық филиалы қызметкерлеріне алғыс айтамын. Шынымды айтсам мен мұнда күнделікті өтетін жиындардың бірі деп келген едім. 1983 жылы Ровный мектебіндегі орысша оқитын 1-сыныпты алғанымда онда екі ғана қазақ баласы болды. Соның бірі – Құралай болатын. Құралай жақсы оқыды, белсенді оқушы болды. Араға 25 жыл салып, Құралай екеуміз мұғалімдердің облыстық конференциясында ойламаған жерден табыстық. Қатар отырып қалған екенбіз. Бір-бірімізге қай ауданнан, қай мектептен келдіңіз деп сұрағаннан кейін ғана өзімнің 1-сыныптағы шәкіртім екенін білдім. Содан бері байланысымызды үзбей келеміз, — деді Құралайдың ұстазы Мая Өмірзаққызы.
Бұдан кейінде басқа ұстаздар сөз алып, өз мамандықтары, мектептегі өмір, ондағы шәкірттерінің  қылықтары жайлы естеліктер айтты. Сөз кезегі келгенде депутаттарда апайларын мерекемен құттықтап, өз өмірлері, мектептегі есте қалған қызықты сәттерді еске түсіріп,  қазіргі қызметтері мен отбастары жайлы мәліметтер берді. Депутаттар апайларымен бірге суретке  түсуді де ұмытпады.
Иә, бұл ардагер ұстаздар үшінде, бүгінгі халық қалаулылары үшінде ұзақ уақыт есте қалатындай қызықты кездесу болды.

Comments (0)
Add Comment