Қазақ — ықылым заманнан тойшыл халық. Ол сөзімізге «Тойдың болғанынан боладысы қызық», «Той десе, қу бас домалайды», «Айт–аттынікі, той–тондынікі», «Тойға барсаң, тойып бар», «Тойға барсаң, бұрын бар, бұрын барсаң, орын бар» деген сияқты сауық-салтанатпен сабақтасқан нақылдарымыз дәлел. Бірақ, бүгінгінің тойы бұрынғыдай есік алдында, отбасы, ошақ қасында өтпейді. Қарызданып, қауғаланса да ел ірілі-ұсақты тойханалар мен мейрамханаларды жалдауға құмар. Ал, ондай орындарда тойшыл қауымға жеңгелеріміз емес, даяшылар қызмет көрсетіп, ас-суын дайындап береді. Осылайша, олар сол мейрамханалардан нәпақасын айырып, күнін көріп жүр.
Ал, даяшылардың дені мектептің жоғары сыныбында оқитын оқушылар мен студенттер екенін әркімнің іші біліп отыр. Олар үшін бұл – уақытша жұмыс орны. Одан бөлек, ыдыс жуушылар мен аспазшылар да тойханаларда табыс тауып жүр. Әрине, қожайындардың даяшы және әлгіндей қызметкерлерімен әр күнгі қызметі үшін жұмыс соңында қолма қол есеп айырысатындығы сіз бен бізге жасырын емес. Ауырса тынығу, кезекті еңбек демалысы сынды дүниелер мұнда атымен жоқ. Күндік жұмысын атқарып, ақысын алса болды. Алайда, осындай қарым-қатынастан тек жұмыс беруші ғана ұтады да, қызметші ұтылады.
Жалпы, Қазақстан нарығында тоқтаусыз қанат жайып келе жатқан сала – мейрамхана бизнесі екендігі белгілі. ҚР Статистика агенттігінің деректеріне қарағанда, елімізде 2011 жылы 19 343 кафе мен мейрамханалар болса, 2013 жылы оның саны 23 241-ге жеткен. Шамаласақ, қазіргі таңда демалыс орындарының саны 24 мыңнан асып жығылады. Оның ішінде біздің облыста кішігірім кафелерді есептемеген күннің өзінде 92 ірі мейрамхана тіркелген екен. Ал, осы жиын-тойлар өтетін мекемелерде 537 адам ғана нақты тіркеліп, жалдамалы жұмысшы ретінде нәпақасын айырып жүр. Орта есепке шаққанда әр мейрамханаға 5-6 жұмысшыдан ғана келеді. Басқа қырынан қарасаң, бұл ешбір қисынға келмейтін есеп. Әрбір мейрамханада кемінде 15-20 даяшы мен тағы осыншама адамның өзге қызмет түрін көрсететіндігі ақиқат. Ал, осындай бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің бұлайша есеп беруінің астарында бір ғана ой жатыр. Ол әрине, салықтан жалтару. Бұл өз алдына бір мәселе.
Алайда, толғандыратын мәселенің бірі мейрамханалар мен онда жалданып жұмыс жасайтындардың саны емес, сол жерде нәпақасын айырып жүргендердің құқықтық жағдайы. Шындығына келгенде, мейрамхана қожайынына қызмет атқарып жүргендердің дені жоғарыда айтқанымыздай мектеп оқушылары мен студенттер. Оқу жылының басталуына айдан аз уақыт қалғанын ескерсек, қыркүйектен бастап олардың санының тағы да артатындығы күмәнсіз. Өйткені, сабақтан тыс уақытында қаржы тапқысы келетіндер осындай мейрамханаларды жағалайтындығы да бесенеден белгілі. Өз кезегінде мейрамхана иелеріне бұлар таптырмас жұмыс күші. Себебі, ешбір еңбек шартын талап етпейтін «арзан» жұмысшылар оларға тиімді. Мәселен, жазғы демалысында осылай жұмыс атқарып, ақша тауып жүрген даяшының бірі – Серік есімді кейіпкеріміз. Ол облыс орталығындағы «Жетісу» мейрамханасында атқарған әрбір жұмыс күні үшін 1 500 теңге алады екен. Осы ақша үшін Серік түскі 14.00-ден түнгі 2.00-ге дейін тойшыл қауымға табанынан таусылып қызмет жасайды. Күндізгі той мен кешкі той қатар болатын болса, алатын ақысы екі есеге дейін артатын көрінеді. Жұмыстан түн жарымында шығатын оларды әкімшілері үйлеріне дейін жеткізіп тастайды. Оның сөзінше, жастар арасында даяшылыққа бақталастық жоғары екен. Сол үшін жұмысқа қабылданбастан бұрын мейрамхана қожайындары оларды 2-3 күн тегін жұмыс жасатып, өздерінше тәжірибеден өткізеді. Әрі ішкі тәртіп бойынша жұмыс барысында ұялы телефон қолдануға болмайтындықтан, байланыс құралдарын мейрамхана әкімшісі жинап алады. Еңбек шартына келгенде мұндайды елемейтін қожайындардың бұл талабы кәдімгі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеу сияқты. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде ой білмек мақсатта мейрамхана әкімшісіне хабарласқанымызда, тек ұйымдастырылатын той жөнінде сөйлесетіндіктерін айтып, ат-тондарын ала қашады. Осыған қарап-ақ, өңірдегі қаншама кафе мен мейрамханаларда 15 адамнан істегеннің өзінде мыңға жуық адамның құқығының тиісті талаптарға сәйкес қорғалмайтындығына көз жеткізуге болады.
Мамандардың сөзінше, осылай тер төгетіндер елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтушы саналады екен. Алайда, олардың тізімін қадағалап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан да бұл жерде тұрақты айлық жалақы, салық және зейнетақы аударымдары туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Бұл мәселе бойынша облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген мейрамхана қожайыны мен жұмысшы арасында еңбек шарты міндетті түрде болуы қажеттігін айтады. Мұндай шарттың болмауы жұмысшы құқығының тапталуына әкеліп соғады. Өкінішке қарай, ол солай болып та жатыр.
– Бүгінде облысымызда қаншама мейрамханаларда жалдамалы жұмысшылар ешбір еңбек және ұжымдық шартсыз жұмыс жасап жатыр. Бұл салықтан жалтару дегенді білдіреді. Сондай-ақ, сол тойханаларда әншілер фонаграммамен ән айтқаны үшін табыс тауып жатыр. Оларды да тексеріп жатқан ешкім жоқ. Яғни, тапқан табысына салық төлемейді. Ал, мейрамханаларда еңбек ететіндердің құқығын кім қорғайды? Сондықтан, ол жақта да кәсіподақ ұйымының бастауыш бөлімшелерін ашу қажет. Кафе мен мейрамхана сынды орындар бизнес көзіне жататындығы белгілі. Осы орайда, кәсіподақ тарапынан республика көлемінде шағын және орта бизнесте жұмыс жасайтын жұмысшылардың «Ынтымақ» атты ұйымы құрылды. Оның филиалы біздің де өңірден ашылып, Әділет департаментінен тіркеуден өтті. Енді осы ұйым сол мейрамханалардағы жұмысшылардың да құқығын қорғамақ, – дейді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Ал, өз кезегінде жұмысшы таптың құқығын қорғауы тиіс облыстық еңбек инспекциясы басқармасы мейрамханаларға тексеріс жүргізуге қауқарсыз екен. Мәселен, басқарманың мониторинг және құжаттама бөлімінің басшысы Ернияз Төребековтің сөзінше, олар тексеріс жүргізу үшін құқық қорғау органдарына бірнеше рет хат жазыпты. Мекеменің негізінде еңбек шартынсыз жұмыс істеп жатқан жұмысшыларды анықтап көрмек болған. Бірақ, рұқсат берілмеген. Дегенмен, басқарма өкілі жұмысшылардан өтініш түссе тексеріп, олардың құқығын қорғауға дайын екендіктерін айтады. Көңілге қонымдысы, егер еңбек етушінің құқығы тапталатын болса, инспекция түскен арыз негізінде және Еңбек Кодексінің 34-бабына сүйене отырып жұмыс берушіге айыппұл сала алады екен.
Қайткенде де бұл салада жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты бір күнде заңдастыра алмайтындығымыз ақиқат. Сондықтан, кәсіп иелері қалтаның қамын ғана емес, бір сәт жұмысшылардың да жағдайын ойлағаны абзал.
Шынболат Сейдуалиев