Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған айтулы нысандардың бірі – Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешені аумағында «Даңқты спортшылар алаңы». «Көне Тараз» қоғамдық қоры қаржыландырған нысан құрылысын Еркін Құлманбетов жетекшілік ететін «Астана UP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Алаңның ашылу салтанатына арнайы қатысқан грек–рим күресінен Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионы, Қазақ КСР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіров облыс спортының жеткен жетістіктері мен мерейінің үстем екендігін айрықша айтып өтіп, аталған нысанның ашылуымен барша жиналғандарды құттықтады. Бұдан соң сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков саланы дамытуда қолға алынып жатқан жемісті жұмыстарды тілге тиек етті. Сондай-ақ салтанатты жиында алаңға есімі жазылған бірқатар спортшыларға арнайы куәліктер табысталды.
Айта кету керек, Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбраимов, Бақтияр Артаев, Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сынды спорт саңлақтарының кіндік қаны тамған Жамбыл спортының шоқтығы биік. Тек ағымдағы жылдың өзінде 40 спорт нысаны пайдалануға берілді. Келесі жылы тағы 92 нысан халық игілігіне берілетін болады. Сонымен қатар, өңірде қазына қаржысы есебінен 2 және демеушілер есебінен 1 спорт кешені салынуда. Жыл басынан бері халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерде ел намысын қорғаған 14 спортшы жүлделі орынға ие болды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі