Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев съезге қатысқан азаматтардың барлығына алғысын білдірді.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өз жұмысын аяқтауда. Съездің жалпы және секциялық отырыстарында қауіпсіз әлемді нығайтуға және руханият, діни дәстүрлердің рөлін арттыруға бағытталған құнды бастамалар көтерілді. Осы сипаттағы қарым-қатынастар өз жалғасын табатынына және нығая түсетініне сенемін. Съездің түпкі мақсаты да осыны көздейді. Барлық конфессия өкілдерінің белсенділігі мен өзара іс-қимылдары қарқынын жоғалтпауы тиіс. Форум барысында ашық айтылған мазмұнды ой-пікірлер мен ұсыныстарды терең зерделеп, ой елегінен өткізу қажет. Осы съезде әлемнің жаңа бейнесіне қатысты ортақ көзқарас пен ортақ түсіністік бар екеніне көз жеткіздік», — деді Тоқаев.
Сенат төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда съездің шынайы алаңы — Астана ғана емес, барша әлем қауымдастығы. Себебі, бүкіл әлемде әр алуан дінді ұстантын адамдар Қазақстанның елордасындағы кездесуге зор үмітпен көз тігіп отыр.
«Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адам бейбітшілікті, тұрақтылықты, тыныштықты қалайды. Халықтар шын мәнінде бітімгершілікке зәру екені анық. Бүгін осы залда отырғандін жетекшілері, белгілі саясаткерлер мен халықаралық ұйым басшылары өз мемлекеттері мен халқына алтыншы съездің қорытындысын жеткізеді деп үміттенемін. Сіздер декларацияның негізгі шешімдерін азаматтық қоғамның бүкіл әлемдегі институттары арқылы белсенді түрде насихаттайсыздар деп сенемін. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің декларациясын хатшылық дайындады. Оны сіздердің өкілдеріңіз, хатшылық мүшелері және жұмыс тобының мүшелері пысықтады. Одан кейін қорытынды құжат діни көшбасшылар кеңесінде мақұлданды. Осылайша, бүгін декларация қабылданды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетсек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі кеше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен басталған еді. Съезд жұмысына барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, беделді діни көшбасшылар, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысты.