Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Асқар Мырзаxметовтың қатысуымен білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларының алдағы үш жылға жоспарланған жұмыс картасын талқылау бойынша жиын өтті. Онда тиісті басқарма басшылары баяндама жасады. Бірінші болып сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Раxия Тұрмағанбетова өңірдегі апатты, тозығы жеткен, орын тапшылығы туындап отырған мектептердің жай-күйіне тоқталды.
Сондай-ақ, жиында денсаулық сақтау саласы бойынша 95 елді мекенге медициналық пункт салу керектігі қозғалды. Жоспар бойынша бұл бағытта биыл 30, келесі жылы 22 нысанды пайдалануға беру көзделуде. Асқар Исабекұлы 95 медициналық нысан тапшылығын кезек күттірмейтін өзекті мәселе деп ескеріп, 2020 жылға дейін толығымен шешуді қолға алуды тапсырды.
Өңір басшысы қажеттілігі туындап отырған мәдениет, спорт нысандарын салуда да тиянақты жоспар қажет екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына арналған қызмет көрсету орталықтарын ашуда сылбырлыққа жол бермеу керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.