Облыста «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты республикалық ақпараттық акциясы басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов пен облыстық жергілікті полиция қызметі Ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжанов мәлімдеді.
Журналистермен болған басқосуда алғаш болып сөз тізгіндеген Талғат Жамалов аталған акцияның ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқандығын тілге тиек етті. Жалпы, акция аясында «Отбасында зорлық-зомбылық жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Көше», «Жасөспірім» атты кең ауқымды ведомствоаралық рейдтік шаралар, ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткізілмекші. Сондай-ақ, ата-ана жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жұмыстар да қолға алынып отыр екен.
Өз кезегінде облыстық жергілікті полиция қызметі Ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжанов акция барысында көпқабатты үйлердің жертөлелері мен шатырлары тексерілетіндігін алға тартып, бұл бағыттағы жұмыс күшейетіндігін баяндады. Сонымен бірге сала мамандары түнгі рейдтер жүргізіліп, ата-ана қарауынсыз жүрген балаларды анықтау мықтап қолға алынатындығын жеткізді. Бұдан өзге оқушылардың рұқсат етілмеген сайттарға кіру мәселесі де қатаң бақылауға алынады екен.
Шынболат Сейдуалиев