17 қараша – Халықаралық студенттер күні әлемнің бірқатар мемлекеттерінде атап өтіледі. Алайда, сіз бұл мерекенің қай кезден бастау алғанын білесіз бе? Ендеше, назарларыңызға айтулы күннің тарихы туралы мәліметтерді ұсынамыз.
Халықаралық студенттер күні (International Students’ Day) 1946 жылдың 17 қарашасынан бері тойланады. Халықаралық студенттер конгресі күнтізбеде дәл осы күнді атаулы мереке ретінде белгіледі. Конгресс Прага қаласында өтті.
Студенттер күнінің өзіндік тарихы екінші дүниежүзілік соғыс кезімен тығыз байланысты өрбіген. 1939 жылдың 28 қазанында фашистердің басқыншылығында қалған Чехословакия елінің студенттері мен оқытушылары Чехословакия мемлекетінің құрылғанына бір жыл толуына орай (28 қазан, 1918 жыл) шеруге шығады. Шеру кезінде басқыншылар студенттерге қарсы шығып, медицина факультетінің Ян Оплетал есімді студентіне оқ атылды. Мерт болған студенттің жерлеуі 15 қараша күні өтті. Бұл кезде де шулаған студенттер тыншыған жоқ. Осы шеру кезінде оншақты студент ұсталып, қамалады.
Ал, 17 қараша күні гестапашылар таңертең студенттер жатақханасын қоршап алды. Осының нәтижесінде 1200-ден аса студент қолға түсіп, біразы Заксенхаузендегі концлагерьге айдалды. Он шақты белсенді студентті ешқандай соттың шешімінсіз-ақ Рузина ауданындағы түрмеде көзін жойды. Гитлердің әмірімен чехтардың барлық жоғары оқу орындары соғыстың соңына дейін жабылып қалды. Осы оқиғаға байланысты 17 қараша күнін Халықаралық студенттер конгресі белсенділері студенттердің атаулы күні деп белгіледі.
Жанар ҚАНАТБЕК