Елордамыз Астананың 25 жылдығы еліміз бойынша кең көлемде аталып өтілуде. Бұл қатардан Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті де қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен күні кеше департаментке қарасты мекемелер арасында футболдан турнир өтті. Жарысқа пробация және 5 түзеу мекемесінің қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатына Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Еркін Нұрбаев, сала ардагерлері – отставкадағы полковник Амирулла Оралбаев және полковник Серік Райымов қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Командалар кездесулерінің қорытындысы бойынша жеңімпаздардың бірінші үштігі анықталды: I орын – №59 мекеме, II орын – №67 мекеме, III орын – №25 мекеме. Сондай-ақ жекелей аталымдар бойынша да үздіктер анықталды. Атап айтқанда: Азамат Жапаркулов жарыстың сұрмергені деп танылса, Нияз Қалмұратов үздік қорғаушы, Мадияр Сайлау үздік қақпашы атанды. Сонымен қатар жеңіске деген жігері үшін сала адагерлері қатарынан Сәкен Қабылбаев марапатталды.
Іс-шараның мақсаты Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлерінің арасында дене шынықтыру дайындығы, спорттық, жауынгерлік шеберліктерін арттыру, жаппай салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.