Әскери киім киген қарулы топ өкілдері әлі табылған жоқ — Бас прокурор

Мәжілісте Бас прокурор Берік Асылов Алматыда әскери киім киіп, митингке қатысушыларға бағыт берген, сапалы байланыс құралдарымен жасақталғандарға қатысты түсініктеме берді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда жоғары сапалы байланыс құралдарымен, әскери киіммен жабдықталған қарулы топтар пайда болғанын еске салып, Берік Асыловқа сұрақ қойды.

«Олар содырларды, қатысушыларды бақылап отырды. Бір топ тіпті балалар жұқпалы аурулар диспансерінің филиалын қоршап алған еді. Олар жағдайды рацияның көмегімен бақылап, реттеп отырғаны да анықталды. Бірақ кейін олар жоғалып кетті. Көптеген азаматтар оларды суретке түсіріп те үлгерген. Жалпы, бір жылдың ішінде олардың жеке басы анықталды ма? Оларды қару-жарақпен, заманауи байланыс құралдарымен кім қамтамасыз етті? Бұл тексерілді ме? Неге бұл жағдай жан-жақты зерттелмей жатыр?», деді Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Бұған жауап ретінде Бас прокурор Берік Асылов бұл күрделі мәселелердің бірі екенін айтты.

«Аталған фактілер бойынша арнайы тергеу тобы құрылып, олар тиісті шараларды қолға алып жатыр. Ал жұқпалы диспансерінің филиалына келетін болсақ, бұл аумақта мұндай адамдар шынымен де жүрген. Ол күндері оларды ұстауға мүмкіндік болмады. Олардың барлығы жоғалып кетті. Бұл адамдар кім екенін біз әлі анықтаған жоқпыз», деді Бас прокурор.

Дегенмен, Берік Асылов олардың жеке басы әлі де анықталатынын қоса айтты.

«Олардың қайда жоғалғанын, кім екенін әлі анықтаймыз. Бұл уақытты талап етеді. Бүгінде жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Қосымша ақпарат болса, әрине хабарлаймыз», деп қорытындылады Берік Асылов.

egemen.kz

Comments (0)
Add Comment