Бүгін аймақ басшысы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде орналасқан «Достық үйінде» Асқар Мырзахметов Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелерімен және этномәдени бірлестік төрағаларымен кездесті.
Кездесуде облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Юрий Минаков облыстық ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктерінің қызметі туралы баяндады. Сонымен қатар, жиында облыстық ҚХА құрылымына қарасты «Аналар кеңесінің» төрайымы Мухаббат Миражапова, «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі Махметғали Сарыбеков, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі Виктория Трегубова, «Айнуры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амир Халиков сөз алып, өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып, орамды ойларын ортаға салды.
Айталық, М.Сарыбеков күні кеше облыстың 80 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өткенінін, көптеген әлеуметтік-нысандардың ел игілігіне берілуі тойдың тағылымын арттыра түскенін жеткізді. Сондай-ақ, ол осындай кездесулерде этномәдени бірлестіктердің тек жетістігін ғана емес, мәселелерін де ашып айту керектігін тілге тиек етті. Еліміз бойынша облыста алғаш рет этномәдени бірлестіктерінің әлеуметтік картасы жасалғанын айтқан М.Сарыбеков оны тиімді пайдаланудын маңыздылығына тоқталды.
Ал «Днепро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименко жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен украин халқы шығармашылығының IV халықаралық фестиваліне қатысуға қолдау танытқан аймақ басшысына алғысын білдірді.
Өз кезегінде Асқар Исабекұлы өңірдегі оң өзгерістер мен нәтижелі жұмыстарға берік бірлік пен ұйыған ынтымақтың арқасында қол жетіп отырғанын баса айтып, оған облыстық ҚХА мүшелері де белсене атсалысып келе жатқанын жеткізді. Облыс басшысы жиналғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өткен жыл еліміз, оның ішінде облыс үшін де жемісті жыл болғанын айрықша атап өтті.
Бұдан соң басқосу барысында бірқатар азаматтар елеулі еңбегі үшін арнайы марапаттармен марапатталды. Атап айтсақ, «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі» қоғамдық медаліне облыстық ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Күлсара Дауызова мен «Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Гулам Омаров ие болды. Ал, «Жомарт жан» төсбелгісі «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ирина Соколовская мен «Өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахром Муминовқа табысталды. Сондай-ақ, өзге де азаматтар ҚХА-ның Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне ие болды.
Айта кетейік, бүгінде аймақта 87 этнос пен этностық топтардың өкілдері тұрады десек, облыстық Ассамблея жанында 75 этномәдени бірлестік жұмыс жасауда. Оның 34-і қоғамдық тіркеуден өтіп, ҚХА тізіліміне енгізілген. Жалпы, хатшылықтың қатысуымен ағымдағы жылы өңірде барлығы 1200-ден астам іс-шара өтсе, оның 600-ден астамын этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған.