1963 жылы 28 тамызында адам құқығы үшін күрес жүргізген қоғам қайраткері Мартин Лютер Кингтің халық алдында сөйлеген сөзінен кейін дәл осы күнді ел арасында бейресми мереке ретінде атап өту дәстүрге айналып кетті. Сол уақыттан бастап бұл күн әлем бойынша «Армандар күні» немесе «Дүниежүзілік армандар күні» деп белгіленді.
Бұл атаулы күн Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде де ескерусіз қалмады. Мерекеге орай мекеме психологтары жазасын өтеушілермен түрлі танымдық жұмыстар жүргізіп, жаттығулар жасады.
– Қатысушылар өздерінің қалаулары бойынша суреттерді қарап шығып, жанға әсер ететін суреттерді бояп, әрледі. Бұл шынымен де жұмыс істейді. Ең бастысы – жаныңызға жақын суретті таңдауыңыз қажет және тілектеріңіз тек жағымды эмоциялар тудыру керек, – дейді мекеме психологтары.
– Мен үшін армандарымды сурет арқылы жеткізу оңайырақ. Тілектерімді бейнелеу үшін бар күшімді салдым, – дейді мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтың бірі.
Барлық карталар мен суреттер дайын болған кезде, әр автор өз жұмысын ұсынып, қандай жоспар құрып отырғанын және алдағы мақсаттарымен бөлісті.
– Маған осындай жұмыс форматы ұнады. Мақсатыма жету үшін не керегін білдім, сондай-ақ өз өмірімді жақсы жаққа өзгерту үшін жасайтын қадамдарымды анық көре бастаған сияқтымын, – деп өз әсерімен бөлісті сотталған.