Автокөлік саны артып келе жатқан мына заманда жол-көлік апаттарының басым бөлігі үлкен жолдардың бойында болып жататыны белгілі. Оған себеп – жылдамдықты шамадан тыс асыру. Өңірде мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында «Арқан» автоматтандырылған мобильдік кешені қолданысқа еніп отыр.
– Өздеріңіз білетіндей, біздің міндетіміз қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысын ұйымдастыру. Бүгінгі күні біздің алдымызда ең маңызды екі мәселе тұр. Оның бірі кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс болса, екіншісі жол-көлік оқиғалары. Себебі, биылғы жылы жол-көлік апаттарында қаза болғандар саны артып отыр. Жүргізілген талдауға сәйкес әрбір үшінші жол апаты жүргізушілердің жылдамдықты арттыру себебінен орын алған. Осыған орай, біз облыс әкіміне жолдағы апаттылық деңгейін төмендету мақсатында автоматтандырылған мобильді кешенді орнату үшін қаражат бөлу туралы ұсыныспен шыққан болатынбыз. Нәтижесінде аталған ұсыныс қолдау тауып, мобильді кешен бүгінгі күнге республикалық маңызы бар автожолдардың батыстан шығысқа 500 шақырым, оңтүстіктен солтүстікке 400 шақырымда қызмет көрсететін 10 патрульдік автокөлікке орнатылды, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев.
Арман Молдиярұлының сөзіне сенсек, мобильді кешеннің біздің өңірде енгізілуі бекер емес екен. Себебі, аймақта жол көлік апаттарынан адам қайтыс болғандардың саны биыл 28 пайызға артып кетіпті. Оның ішінде әрбір 3-ші апаттың орын алуына көлік жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы себеп болған. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда автокөлік апаттары азайған. Яғни, өткен жылдың дәл осы кезеңінде 1666 оқиға тіркеліп, 132 адам ажал құшқан. Ал биыл 1161 оқиға орын алып, 169 азамат өмірмен қош айтысыпты.