Қызылордада жалған қызметтік куәлікпен жүрген 34 жастағы қала тұрғыны ұсталды деп хабарлады turkystan.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасы жедел басқару орталығының бейнекамерасы қаладағы орталық көшелердің бірінде автокөлік иесінің жол ережесін бұзғанын анықтады.
Бұл бойынша полицейлерге бағыт-бағдар беріліп, көлік тоқтатылды.
«Патрульдік полиция қызметкерлері көлік иесін тоқтатқан сәтте жүргізуші өзін «Антикордың қызметкерімін» деп таныстырып, қызметтік куәлігін ұсынған. Тексеру барысында қызметтік куәліктің жалған екендігі анықталды. Айғақты заттар алынды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігімен тергеу жүріп жатыр. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда», – деп мәлім етті басқармадан.
Ведомство мәліметінше, аталған жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 593-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.