«Сағат» стеласы – «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі алаңның ортасында орналасқан биік нысан. Ол шаһардың кез келген бөлігінен көзге көрінетіндей етіп салынған. Стеланың биіктігі – 40 метр. Сағаттың диаметрі – 4 метр. Стела Самарқан кірпішімен, майолик тасынан дайындалған. Ал сағат Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жасалынған. Мұндай алып «Сағат» стеласы елімізде алғаш рет Таразда бой көтеріп отыр. Ол өңірдегі ең биік стелалардың бірі ретінде танылуда.
Алып сағат тілі «Нұр-Сұлтан» қаласының уақыт өлшемімен бірдей жүріп отырады. Әрбір сағат сайын қоңырау соғылып, зорайтқыш дыбыспен белгі беріліп отырады.
Үш бөліктен тұратын сағат құрылысының негізгі іргетасы төрт тұғырлы биік бағаналармен бекітілген. Нысанның түгел болмысы орта ғасырлық шығыс үлгісінде әрленгені келушілерге әдемі әсер сыйлайтыны сөзсіз.
Мұндай алып сағат әлем елдерінің белді қалаларында бар екендігі белгілі. Мәскеудегі Кремльде, Лондондағы Биг-бенде және Меккедегі биік мұнаралы сағаттар соның айғағы. Тарихи Тараздың таңғажайып кешенінің аумағынан бой көтерген «Сағат» стеласы да келушілердің қызығушылығын оятып, туристер тартуға өз ықпалын тигізеді деп күтілуде.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі