№146 мектеп оқушысы Арнұр Мақсаттың ата-анасы баласын білім ошағындағы педагог пен оның отбасы соққыға жығып, перзенттерінің ауруханадан бір-ақ шыққанын айтқан. Бірақ, қазір бізге полицейлер тарапынан арызыңды қайтып ал деп, күш көрсетіліп жатыр дейді ата-ана. Ал мектеп директорының айтуынша, басы дауға іліккен ұстаз өз еркімен арыз жазған.
Зардап шеккен оқушының анасы Евгения Қожалымованың айтуынша, 14 жастағы Арнұр Мақсат пен педагогтың баласы арасындағы жанжал әлеуметтік желідегі кикілжіңнен басталған. Кейін мән-жайды білген директордың орынбасары Арнұрды кабинетіне шақырған. Бірақ содан шығып келе жатқан сәтінде оған дәлізде тұрған ұстаз бен ұлы, одан қалды қызы мен күйеуі қосыла жабылған.
«Кеше баланың жағдайы ауырлап кетті. Дәрігерлер шұғыл түрде консилиум өткізді. Содан соң қосымша тексеру мен ем-дом жасалды. Баламның миына қан құйылғандықтан жұлынынан анализге су алды», — дейді ол.
Оқушыны соққыға жықты делінген №146 мектептің әлеуметтік педагогы Шынар Ілиясқызы жұмысынан босатылыпты.
«Ол кісі бүгін таңертең келіп, арыз жазып, бүгіннен бастап жұмыстан босатылды. Ешқандай сөйлескен жоқпыз. Өз еркімен арыз жазды», — дейді мектеп директоры Нұрғали Нұрадинов.
Евгения Қожалымованың айтуынша, мектеп ұжымы оқыс оқиғаны жабулы күйінде қалдыруға тырысқан. Бірақ ата-ана полицияға арыз жазған. Тіпті педагог пен күйеуі ақша ұсынып, бітімге келмеске шараң жоқ деп доқ көрсеткен. Әкесі Арнұр Мақсаттың айтуынша, тәртіп сақшыларының өзі арызын қабыдамай, жартып тастаған.
Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, екі тараптан да арыз-шағым түскен.
«Бостандық аудандық Ішкі істер басқармасына қарасты тергеу бөліміне екі тараптан да арыз-шағым түсуде. Екі жақтың аналары да арыз жазып, бір-бірінің балаларын соққыға жыққанды жауапкершілкке тартуды сұрап отыр», — деді Салтанат Әзірбек.