«7-20-25» бағдарламасы шеңберінде несие беруге 2052 өтініш мақұлданды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі облыстық филиалында баспасөз мәслихаты өтіп, филиал директоры Евгений Шарыгин отандық валюта нарығындағы қазіргі ахуал және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде іске асырылу барысы жайлы баяндады.

Филиал директоры ең алдымен Қазақстан қор биржасында қалыптасқан жағдайға тоқталды. Айталық жылдық инфляция қыркүйек айында республика бойынша 6,1 пайызға, облыс бойынша 6 пайыз деңгейінде қалыптасқан және 2018 жылға белгіленген дәліздің, яғни 5-7 пайыз ортасында орналасқан. 2018 жылы инфляцияның нысаналы дәлізде сақталуы күтілуде. Инфляцияның өсуінің бұрын белгіленген тәуекелдері және дәліз шегінен ықтимал шығуы 2019 жылға жатқызылған, оған инфляцияның неғұрлым төмен дәлізі  4-6 пайыз белгіленген. Сонымен қатар, Е.Шарыгин «7-20-25» бағдарламасына кеңінен тоқталып, бұл бағытта атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.

     – 2018 жылғы 27 қыркүйектегі мәлімет бойынша «7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде ел көлемінде заем алуға 36,6 миллиард теңге сомасына 3089 өтініш қабылданды. Оның ішінде 24,5 миллиард теңге сомасына несие беруге 2052 өтініш мақұлданды.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың 27 қыркүйек күнгі мәліметке сүйенсек, облыс бойынша банктердің филиалдарымен 248,8 миллион теңге сомасына 26 өтініш қабылданып, оның 186,4 миллион теңгесіне 18 өтініш мақұлданды, деді филиал директоры.

Баспасөз мәслихаты барысында филиал директоры теңге құнының құлдырауына әсер етіп отырған мұнай бағасының құбылуы, сыртқы саудадағы негізгі серіктес елдер валюталарының бағамы, төлем балансы мен инфляцияның жай-күйі, Ұлттық банктің базалық ставкасы және әлемдік пайыздық ставкалар сынды маңызды факторларды да атап өтті.

 

Comments (0)
Add Comment