«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесінің көшпелі отырысы Шу ауданында өтті.
Қазіргі таңда тұрғындарды жұмыспен қамту оның ішінде ерекше қажеттілігі бар жандарға жұмыс тауып беру өте өзекті мәселелердің бірі. Олардың мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылары күнкөрісіне жетпейтіні де жасырын емес. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар қол ұшын созып, көмек көрсетуі қажет.
Кеңестің күн тәртібіне халықты және мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту аясында атқарылып жатқан шаралар туралы мәселе шығарылды. Ол бойынша Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков есеп берді.
Шу ауданында халық саны 106 114 адамды құраса, оның ішінде 47 758 адам экономикалық белсенді халық санатына жатқызылған. Жұмыссыздық деңгей 2023 жылдың 9 айдың қорытындысымен 4,1% (1939 адам жұмыссыз) құрайды. Аудан әкімінің сөзінше, жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша 136 адам тоғыз айдың қорытындысы бойынша әр түрлі жұмыспен қамтылса, тұрақты жұмысқа 57 адам жолдама алған.
Сондай-ақ, кеңес отырысына бейне байланыс арқылы қатысқан Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен Байзақ аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов партияның Сайлауалды бағдарламасына сәйкес облыс бойынша отбасын қолдау орталығын ашу мәселесі баяндама жасады.
Сонымен қатар партия Шу аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың есебін беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.