Ақтөбедегі көлік жарылысы: Еңбек инспекторлары жұмыс берушінің кінәсін анықтады | arainews.kz

Ақтөбедегі көлік жарылысы: Еңбек инспекторлары жұмыс берушінің кінәсін анықтады

114

Ақтөбеде жанар-жағармай таситын көлік жарылып, екі адам көз жұмды. Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы бұған жұмыс берушілер кінәлі деп отыр.

Ақтөбе қаласындағы жанар-жағармай таситын көлік жарылысына байланысты облыстық еңбек инспекциясы тексеру жүргізді. Тексеру бір айға созылып, инспекторлар жұмыс берушілердің кінәлі екенін анықтады.

«Үш адам жарақат алып, екі адам көз жұмды. Еңбек кодексіне сәйкес тексеру уақыты ұзартылды. Бірер күнде нақты шешім шығады. Алдын ала белгілі болғаны, инспекторлар жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі деп отыр. Бірақ жұмыс беруші оны мойындап жатқан жоқ. Куәгерлердің айтуынша, операторда ұялы телефон болған. Талап бойынша олар ұялы телефонды өндірістік аймаққа кірмес бұрын тапсырулары керек еді. Жарылыс болған жерден сол телефон табылды. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар қызметі жарылыс телефоннан болуы мүмкін деп отыр»,- деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Уразаев.

Айта кетейік, 10-қыркүйек күні Ақтөбедегі өндірістік аймақта жанар-жағармай таситын көлік жарылып, үш адам ауруханаға түскен болатын. Кейін жансақтау бөлімінде жатқан екі жұмысшы көз жұмды.

Айта кетейік, осы жылдың 9 айында 51 адам өндірісте түрлі жарақат алды. Жұмысшылардың 10-ы алған жарақатынан қаза болды. «Көктас-Ақтөбе», «Ақтөбе мыс компаниясы», «Ақтөбе-Сәулет», «Шаханов сервис», «ОПС Секьюрити», «КТП» ЖШС-де жұмысшының жаралануы қайғылы оқиғамен аяқталды.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.