Әке тәрбиесі – ұлт тәрбиесі | arainews.kz

Әке тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

54

Маусым айының үшінші жексенбісінде – әкелер күні аталып өтіледі. Осы орайда, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Әке және ұлт тәрбиесі» атты «дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастырдық.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп өткізген басқосуда өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңестердің және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері отбасындағы әкелер ролін арттырудың жолдарын жан-жақты талқылады.
Шарада алғаш болып сөз алған ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина саласының ардагері Сағындық Ордабеков қоғамдағы әкелердің рөлі бәсеңдеп бара жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар әке тәрбиесі ұлт тәрбиесі саналатынын атап өтті.
Ал Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов бала тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда жастар арасындағы ажырасудың көбейіп кетуі ер азаматтардың жауапсыздығынан екенін жеткізді.
«Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абзалбек Меңдібаев әр әке ұрпақ тәрбиесінде өзін тәрбиелеуден бастау керектігін назарға алды. Сондықтан бүгінгі қоғамдағы әкелер ниетін тазалап, жүрегін қақтан тазалау керектігін баса айтты.
Бұдан өзге, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан ұлттық тәрбиеден тамыр үзіп бара жатқанымызды ашына жеткізіп, бүгінгі балаларды әке емес «экран» тәрбиелеп жатқанын назарға алды. Өз кезегінде, зиялы қауым өкілі мектеп қабырғасында ер мұғалімдердің азайып бара жатқаны ұл балалардың тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатқанын да тілге тиек етті. Сондықтан олар педагогикалық білім беруде ұлдарға арнайы гранттар қарастыру туралы ұсынысын жеткізді.
Басқосуда сөз алған өзгеде қатысушылардың пайымды пікірлері осы ой тұрғысында тоқайласты. Олар қазіргі таңда отбасындағы әкелер тәрбиесі ақсап тұрғанын айтып, әкелер жауапкершілігін күшейтуде тәрбиеге мән беру керектігін сөз етті.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.