Адал еңбектің әділ бағасы | arainews.kz

Адал еңбектің әділ бағасы

174

Облыс әкімдігінің  мәжіліс залында аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің қатысуымен бірқатар сала мамандарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға басқарма басшылары, мемлекеттік, коммерциялық мекеме жетекшілерімен бірге облыстық, аудандық мәслихаттардың хатшылары мен депутаттары қатысты.

Ең әуелі облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін облыстық азаматтық Альянсы қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашевті «Құрмет» орденімен наградтады. Мұнан соң облыстық мәслихаттың шешіміне сай өңірдің дамуына айрықша еңбек сіңірген 12 азаматқа «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағын табыс етті. Сондай-ақ жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Махамбет Дүйсембаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатына ие болды.

Келесі сәтте облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бірқатар қалалық және аудандық мәслихаттың хатшыларын, депутаттарын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Құрмет грамотасымен марапаттады.  Сол секілді түрлі салада жемісті қызмет атқарып жүрген азаматтарға, халық қалаулыларына  Сенат төрағасының Алғыс хаты табысталды.

Жиында «Біздің депутат» республикалық қоғамдық-саяси газеті түзген рейтинг бойынша облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымоваға «Үздік депутат» төсбелгісі берілді. Бұл күні бір топ азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды.

Шара соңында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашев сөз алып, елдің дамуына сіңірген еңбегін елеп, мәртебелі атақ ұсынған жерлестеріне алғысын білдірді.

–«Сізге «Жамбыл облысының құрметті азаматы» атағы беріледі» деген хабарды естіп, Нұр-Сұлтаннан алып-ұшып жеткенім осы. Бұған дейін Қазақстан Респуликасының Еңбек сіңірген қайраткері сынды түрлі деңгейдегі бірнеше марапаттарды алып жүрмін ғой. Бірақ бүгінгі атақтың орны айрықша. Бұл жамбылдықтардың ыстық ықыласы мен шынайы сүйіспеншілігінің белгісі ретінде қабылданады. Сондықтан да мен әркез Жамбыл жерінде туып-өскен азамат  екенімді мақтан тұтамын.

Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан облыс орталығы Тараз қаласының тотыдай таранған келбетін көріп сүйсінеміз. Бұл соңғы бір-екі жылдың бедерінде қолға алынған жүйелі жұмыстың, оның басы-қасында жүрген азаматтардың іскерлігінің  нәтижесі деп білемін, –деді Намазалы Омашев.

Өз кезегінде, танымал күйші-композитор, Қазақстан Респуликасының Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әбдімомын Желдібаев та сөз сөйлеп, өңірде соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға  жоғары бағасын берді.

–Біле-білгенге қазақтың «азамат» деген сөзі киелі ұғым. Сол үшін де бұл сөзді кім көрінгенге қарата айтпайды. Оны тек артылған сенімнің үдесінен шыға алған жанға арнап айтады. Осы орайда, облыстың сан түрлі саласында қыруар шаруа тындырып, Тараздың ажарын ашуда облыс әкімі Асқар Мырзахметов  «Азамат» деп атауға лайықты істер атқара білді,–деді Ә.Желдібаев.

Марапаттау рәсімін қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов құрметке бөленген барлық азаматтарды құттықтап, бірер күнде тойланатын облыстың 80 жылдық мерейтойының мән-мазмұнына  тоқталды.

–80 жылдық мерейтой құр тойлаудың, думандатудың себепшісі емес. Бұл осы уақыт аралығындағы өңірдің өткенін саралап, жетістіктері таныстырылатын сәт. Бір ғана дерек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері облыста 870 әлеуметтік нысан салынған. Осының өзі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінен хабар береді.

Мерейтой  қарсаңында 80 жылдықта қол жеткізген жетістіктеріміздің себепші болған жерлестеріміздің есімін қайта жаңғыртамыз. Айтулы аламандарда толайым табыстарымен қуантқан жамбылдық спортшыларға арналып «Даңқты спртшылар» алаңшасы іске қосылады. «Әуендер әлемі» алаңшасында ән-күймен Жамбыл атын қазаққа, әлемге танытқан жерлестеріміздің есімі  таңбаланады. Сол секілді облыстық өлкетану музейінен «Жамбыл облысының Құрметті азаматтары» аталатын арнайы бұрыш жасақталмақ. Биыл 80 жылдық мерейтойға орай облыстық мәслихатпен келісіп,  Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағын алушылар санын бірнеше есеге көбейтуге қол жеткіздік, –деді Асқар Исабекұлы.

Шара соңында барлық марапатталушылар естелік суретке түсті.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.