Түлектер толғанысы | arainews.kz

Түлектер толғанысы

372

Жаңа толқынның рухын сездіреді

Ерлан Жүніс, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры

– «ARAI» газеті – Жамбыл жастарының жаңа көзқарасын көрсететін басылым. Сол көзқарас жастықтың, жаңа толқынның рухын сездіреді. Алғашқы нөмірінен бастап бүгінге дейін ұлт пен мемлекет мұратына қызмет етіп келе жатқанын электронды нұсқасынан оқып отырамыз. Оқи отырып қуанамыз. Себебі, өзіміз де еңбек еткен сол жастар газеті 13 жасқа келіпті. «Он үште — отау иесі» дейді қазақ. Азаматтық ұстанымынан айнымаған «ARAI» газетінің әлі талай асуды аларына бек сене отырып, редакция ұжымын және мәртебелі оқырманды басылымның мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймын!

Болат ағаның жиналысын әлі сағынамын

Өркен Кенжебек, «Хабар» Агенттігі интернет дирекциясының шеф-редакторы

– «ARAI»-да қызмет атқарып кеткеніме он жылдың жүзі болыпты. Осы ұжымда өткізген әр сәтім, басуға берген әр мақалам кеше көрген түстей сол қалпы жадымда тұр. Себебі, «ARAI»-дағы жұмысымды одан кейін атқарған қай жұмысыммен болсын, салыстыруға келмейді. Журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мамандықтың дипломын қолыма алып келгеннен кейін, осы саланың стиль, жанрын танудан бастап кәсіби жазу машығына дейін «АRAI»-да алдым. Былайша айтқанда, «АRAI» маған жұрттар әлдеқандай қылып мақтанатын ҚазҰУ-дың журфагын алмастырды. Әсіресе, сол кездегі бас редакторы Болат Бекжанов ағамыздың газет шыққаннан кейінгі 2-3 сағаттық жиналыстарын әлі сағынамын. Бір қатеңді тауып алса, көзіңнен сораң ағып жылағанша ұрысатын. Бірақ, сол жиналыстан шыққаннан кейін, оның ұрысына еш ренжи алмайтынсың. Өйткені, жанашырлықпен шыққан ашудың өзінде саған артық сөз айтпайтын. Мысалы, қатеңе байланысты «сауатсыз» дейтін, бірақ, «надан» демейтін. Осындай ұрыстардан жаман болмадық қой. Облыстық деген шеңберге, жастар деген салалауға қарап қалмай, қоғамды толқытқан, әлемді әбігерге түсірген мәселелерді қамтып отыруды үйретті. Сол үшін де Никола Тесланың өмір жолынан бастап сәулеттегі хай-тек стиліне дейін қалам тербеп үйрендік. Кейін республикалық басылымдарға бірден төселіп кетуім де, «ARAI»-дың сол форматта баяғыдан жұмыс істеп келе жатқанынан еді.
Алғаш рет Астанаға осы басылым­ның атынан бардым. Алғаш рет халықаралық журналистер жиынына осы газеттің атынан бардым. Алғаш рет республикалық газеттерге басылған мақалаларым да алдымен «АRAI»-да Болат ағамыздың сүзгісінен өткен жазбалар еді. Сондықтан, «АRAI»-дағы 11 ай 11 жылға бергісіздей өте қызықты әрі өте пайдалы өтті. Ал, ұжым айтуға келмейтіндей тату-тәтті болды. Әрқайсысы сен тұр, мен атайын дейтіндей профессионал еді. Қазіргі «АRAI»-дың беталысын да байқап жүрмін. Дәулет Төленді басшылыққа келгеннен кейін де газет түрленіп, жаңа талаптармен жұмыс істей бастағаны көрініп тұрады. Сіздердің жұмыстарыңызды Алла оңғарсын! Баршаңызға сәттілік! «АRAI» қазақ баспасөзінің тарихында қалатындай тіректі газетке айналсын!

Журналистикадағы алғашқы қадамым «ARAI»-да басталды

Құралай СҮЙМАНОВА, Қордай аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің жауапты хатшысы

– «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» десек, осы буынның үнпарағы «ARAI» – жастармен бірге болуды мақсат етіп, жақсы жаңалығымен бөлісуге әрдайым асығып отыратын басылым.
Мен бұл ұжымға елге танымал білікті журналист Оралхан Дәуіт ағамыз басқарып отырған 2011 жылы корректор болып қабылданып едім. Сол тұста бас редактордың орынбасары болған Гүлнұр Ембердиева шығармашылық қырымды тани түсіп, қыз-келіншектерге арналған «Сырға» бетін дайындауды тапсырған сәт ұмытылмайды. Менің журналистикадағы алғашқы қадамдарым осылай басталған. Сол ұжымда бір үйдің баласындай болып 7 жыл қызмет еттім. Қызмет барысымен Қордай ауданына аттанғанымда да ұжымды басқарып отырған сол кездегі бас редактор Масат Берік ағалық ақыл-кеңесін беріп, шығарып салып еді.
Бүгінде әріптесім Дәулет Төлендіұлы басқарып отырған жастар газетіне даңғыл жолынан жаңылмай, оқырмандардың сүйікті басылымы ретінде болашаққа қарай нық қадам баса берсін дегім келеді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.