Несиесі бар азаматтар әскерге бара ала ма? | arainews.kz

Несиесі бар азаматтар әскерге бара ала ма?

154

Кез келген әскерге жарамды Қазақстан Республикасының 18-27 жас аралығындағы азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті. Елімізде әскерге шақырылушылар жылына екі рет, қазан мен желтоқсан және сәуір мен маусым айларында іріктеліп отырады. Мыңдаған бозбала қатаң талаптардан сүрінбей өтуі шарт. Әскерге шақырылушылар аймақта жеткілікті болғандықтан жыл өткен сайын оларға қойылар талаптар да жоғарылады.

Биылғы күзгі әскерге шақыру нау­қаны барысында облыстан еліміздің әр аймағындағы әскери бөлімдерге 1 500-ден аса жасты жіберу жоспар­ланып отыр. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі депар­таменттің мәліметтеріне сүйенсек, соңғы үш жылда аймақтың жасағы 400 адамға көбейген. Ал, өткен көктемгі науқанда әскер қатарына 1 400 адам жіберіліпті. Олардың ішінде ҚР Қарулы Күштеріне 480, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 330, ҚР Ұлттық Ұланға 570, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне 20 жас жөнелтілген. Осы орайда, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз кызметінің бастығы, аға лейтенант Исламбек Қалдыбеков бүгінгі таңда әскерге шақырылушы есірткіге қарсы тест пен лабораториялық тексерістен өтетіндігін айтады. Сондай-ақ, ол азаматтардың білім деңгейі мен моральды-психологиялық тұрақтылық талаптары күшейтілгенін жеткізді.
– Әскери қызметшілердің моральды-психологиялық жағдайын тексеру азаматтардың жарамды -жарамсыздығын анықтау үшін ғана емес, бұл офицерлердің әр сарбаздың қандай әрекетке икемді екенін бағамдауына мүмкіндік береді. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша іріктеу, зерделеу жұмыстары үзіліссіз, тоқтаусыз өткізілуде. Сұхбаттасу тек жастармен ғана емес, олардың ата-аналарымен немесе оларды тәрбиелеушілермен, сондай-ақ жұмыс орнының басшыларымен өткізіледі. Мұндай сұхбаттасулардың да берері мол. Жамбыл облысынан 2018 жылдың күзінде әскери қызметке кейінгі қалдырылуға немесе босатылуға жатпайтын мерзімді
18 бен 27 жас аралығындағы 1 500 азамат шақырылады. Заңға сай мерзімді әскери қызметтен азаматтар денсаулық, отбасылық жағдайына, оқуды жалғастыруға және тағы да басқа дәлелді себептер бойынша босатылады. Соңғы аталғандарға ауылдық жердегі мұғалімдер мен дәрігерлер кіреді, – дейді И.Қалдыбеков.
Расында, жыл сайын әскерге шақырылушыларға талап күшейтілмесе, жеңілдетілген емес. Яғни, жастардың енді денсаулығынан өзге моральдық жағдайына да аса көңіл бөлінеді. Білімі, бұрын қылмысқа қатысы бар-жоқтығы да ескерілуде. Осы орайда, шақыру комиссиясы әдеттегідей әділет, денсаулық басқармасы, жергілікті басқару және ішкі істер органдарымен байланысты күшейткен.
– Соңғы кезде әскерге шақырылушылардың арасында несие міндеттемелерін алғандары көбеюде. Несие қарызы әскерге шақырудан босату тізімдемесіне кірмейді. Бірақ, әскери бөлім өкілдерімен зерделеу және жеке әңгімелесу барысында, бұлар әскери қызметті өткеруге кедергі келтіретін жағдайлар ретінде қаралып отыр, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің аға лейтенанты И.Қалдыбеков.
Шынында, қазіргі тіршілігіміз несиеге байланған уақытта тепсе темір үзетін жігіттердің де бұл дәстүрден айнып қалмасы белгілі. Әрине, олардың көпшілігі ісін жандандырып, бір жыртығын жамау үшін басқа-басқа емес екінші деңгейлі банктерге қайырылады. Мәселен, «Каспий банк» қалалық филиалының менеджері Руслан Абдрахмановтың айтуынша, аталған банкте берешегі бар азаматтардың әскерге кетуіне байланысты ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған екен. Сондықтан әскер қатарына алынған азаматтың несиесін уақытынан бұрын қайтармасқа амалы жоқ. Немесе оның азаматтық борышын өтеп келгенге дейін үстеме пайызы өсіп, алған қаржысын еселеп төлеуіне тура келеді. Дегенмен, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың мұндай міндеттемеге жүрдім-бардым қарамайтындығы белгілі.
«Болат қайнауда, батыр майданда шынығады», – дейді дана халқымыз. Түрлі сылтауларды алға тартып, Отан алдындағы борышты өтеуден бас тарту – жігітке сын. Бұл тұрғыда Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса ол патриот емес» деген керемет сөзі еске түседі. Сондықтан, әрбір азамат несие борышынан әскери борышын өтеуге асығуы қажет-ақ. Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?

Шынболат Сейдуалиев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.