Шерағам өмірден озды деген хабарды естіп, алқымыма өксік тығылып, көзіме жас толып отыр. Бірақ бір орнында байыз таппайтын ой шіркін алып қаша береді. Алып қашып сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Сарысу ауданына алғаш жолсерік болғанымды есіме түсіреді. Сонда ұнадым ба деймін, әйтеуір осы сапардан кейін Жамбыл облысына келген сайын Шерағаң мені қасына атқосшы етіп ертіп алатын болды. Бұл сапарлар бірте-бірте ағалық-інілік қарым-қатынасқа ұласты. «Ағаның алды – ақ жайлау» деген рас екен. Шерағаң келсе, өзімді әжептәуір кісі сезініп қалатынмын. Өйткені, кімнің үйінде, қандай лауазымды адамдармен отырса да, мені есік жақта қалдырмай, өзінің қасына отырғызатын. Мен туралы жақсы пікір айтып, бағамды да өсіріп қоятын.
Сол аға бақилық болды. Енді мені кім еркелетер деп өксимін. Өксимін де, жоқ, алдымдағы асқар тауым құлаған жоқ, қайта одан арман айбарлана түсті. Шерағаңның жаны енді өзі жар құлағы жастыққа тимей, жаршысы болған Алаш арыстарының рухына барып қосылды, үйірін тапты деп шамырқанамын. Ол сол аталары сияқты жүрегінің түгі, табанының бүрі бар қаламгер-қайраткер болды. Өзім тікелей қызметтес болған телерадио саласындағы істерінен соның бірер мысалын келтірейін. Ол кісі бұл салаға басшы болып келісімен 56 пәтерлік бір үйді түгелдей алып берді қызметкерлеріне. Мұндай оқиға телерадио тарихында бұрын-соңды болып көрген емес. Техникалық радио-теле орталығын телевидение мен радионың өзіне бағындырды. Бұл мәселені бұрынғы басшылардың ешқайсысы шеше алмаған еді. Ол кісі бір сағаттық жиналыста шешіп тастады. Республиканың солтүстік облыстарындағы телерадио компанияларының бірсыпыра орыс тілді басшыларын жергілікті қазақ тілді басшылармен алмастырды. Осылай ету қажеттігіне сол облыстардың басшыларын табандылықпен көндірді. Ал, бұл кезде «Шерхан Мұртаза – ұлтшыл» деп ұран көтеріп шеруге шыққандардың қоқан-лоқысынан қаймықпады. Қайсыбірін айта берейін. Уақыт келер, айтылар.
Бақұл бол, Шераға, ағатайым!
Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы-драматург, облыстың
Құрметті азаматы