Жиырма жылдан астам уақыт аға-іні, дос-жаран, сырлас болған Шерхан ағам да дүниеден озды. Қазақстанның төрт құбыласынан елеулі ақын-жазушылар телефон арқылы түні бойы көңіл айтты. «Қазақтың Шерханы еді ғой» десті шетінен. Қазақтың Шерханы! Қазақтың тарихында осылай қалады ол. Арыстан туған ағамыздың жан тебіренісін тудыратын әңгімесі – Ел мен жер, қазақтың қадыр-қасиеті, ар-намысы, болашағы жайлы еді. Не айтылса, соған келісе кетпейтін кесек-кесек мінезімен аттандап тұратын айбынды ақиқаты адам атаулының азап-шерін қазып жіберетін. Ол – енді қайта тууы екіталай Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлымен қандас қана емес, солардың халқы дегенде қара аспанды қайта-қайта төңкеріп жіберетіндей қаһармандықтарының мұрагері болды.
Әр дәуірде сананың саңлақтары, ерліктің ерен тұлғалары кезегімен келіп жатқан киелі Әулиеата тағы бір дара туған даңқты перзентінен айрылды. Қабырға қайысты. Қазақ қан жылады. Қолдан келер қайран жоқ. Жарықтықтың алды жарық болсын!
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы