Қайран Шер-ағам! | arainews.kz

Қайран Шер-ағам!

445

2005 жылы облыстық «ARAI» жастар газеті ашылды. Алғашқы редакторы Болат Бекжанов ағамыз басылымды бірінші санынан-ақ оқылымды, өзекті тақырыптар көтеріп, сүбелі сұхбаттар беріп, таралымын арттырды. Шерхан ағаның ауылға келгенін естіген Бөкең жанына мені ертіп, облыстық «Ak Jol» газетінен Ақылжан Мамыт ағам үшеуіміз кешкілік ауыл үстінен табылдық. Мезгіл күз айы. Күн әлі бата қоймаған. Бастаушымыз Ақылжан аға.

Біз жеткенде Шер-аға мешіттің жанында ауыл ағайындарымен шүйіркелесіп тұр екен. Жама-тармағай амандасып жатырмыз. Байқаймын, жақтыра қойған жоқ. Ағалардың етегінде ойнап жүрген бір ойын баласы тура Шерхан ағаның жанынан өте беріп еді, аға шап беріп ұстап алды. Сөйтті де, екі қолымен әлгі баланың екі құлағын уақалай бастады, уақалай бастады. Бала ауырсынып тұр. Білдіргісі келмегенімен екі беті қызарып шыға келді…

Ақылжан аға бізді таныстырып жатыр.

– Жәй жүрсіңдер ме? – деді Шер-аға өзінің қатқыл үнімен.

– Мына Болат деген ініңіз, облыстық жастар газетін ашып, соған сізден сұхбат алсам деп келіп тұр, – деді Ақаң.

Үнсіздік. Ешкім үндемейді.

Осы сәтті тиімді пайдаланған Болат ағам Шерхан ағаға арнауы төгіп кеп жіберді. Бөкең өлең оқығанда да жәй емес, адуындатып, күркіреген судай тасқындатып, тіпті керек жерінде желдей есіп, тұлпардай шауып, жайдақтатар тұста бәсеңдетіп, жәй шабыспен қамшылатып-қамшылатып жіберді… Шер-ағам жадырай бастады. Кешкілік ұясына қонар күн қайта шыққандай болды. Айналамыз жарқырап кетті.

–  Әй, білемісіңдер үйде ешкім жоқ екенін… Шәйді де, жайды да өздерің реттейсіңдер, – деп үйге бастады Шерхан аға.

Сол жылдары облыс басшылығы Шерхан ағама ауылдан екі қабатты үй салып берген болатын. Бірінші қабаттағы холға жайғасып, әңгіме түзгінін тарқаттық. Шерхан ағам шабыттанды. Ондай сәтте даусы зорайып, қабағының қыртыс-қыртысы жазылып, таңдайына бал ұялайды емес пе? Әдебиет, саясат, бәрі-бәрі… сөз болды. Тіпті, қоғамда жанды жеріне тиетін мәселелерге келгенде айқайлап та кетеді. Сөйтіп, айқайлап сөйлеп отырғанда аузына шыбын кіріп кетпесі бар ма? Бәріміз үнсізбіз. Әлі отырмыз… Шер-аға сұқ саусағымен ауызынан әлгі шыбынды алып: «Шындықты шырылдап айтсаң, шыбын екеш шыбын да ұнатпайды…» деген еді. Қайран қара нарым, шындықты енді кім айтар екен?

Ерман ӘБДИЕВ, журналист

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.