Түбіртекті Аманғали, анықтаманы Армани берді | arainews.kz

Түбіртекті Аманғали, анықтаманы Армани берді

"Жұлдыздар" ХҚКО-да жамбылдықтарға қызмет көрсетті

687

Бүгін «Азаматтарға арналған үкіметтің» Жамбыл облыстық филиалының Халыққа қызмет көрсету орталығына келушілерге пародияшы Аманғали Сыпабеков және әзілкеш Арман Жаналиев мемлекеттік қызмет көрсетті. Шоу-бизнес жұлдыздары азаматтарға электрондық кезек талонын ұсынып, мемлекеттік қызметтерді алу бойынша кеңес берді.

«Біз де әртіс ретінде халықпен тығыз жұмыс істейміз, бірақ бүгінгі жұмыспен салыстырғанда, біздікі жеңіл екен. Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы болу үшін төзімді әрі білімді болу керек. Соның ішінде электрондық қызметтер бойынша сауатты кеңес бере алғаны дұрыс. Әйтеуір, еліміз дамып, цифрландыру аясында халқымыз мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға үйреніп келе жатыр екен. Бұл қуантарлық жағдай», — деді Аманғали Сыпабеков.

Өз кезегінде қызмет алушылар шоу-бизнес жұлдыздарынан кеңес алып қана қоймай, суретке түсу мүмкіндігін де құр жібермеді.

«Жұлдыздардың ХҚО-дағы бір күні» республикалық акциясы аясында Қазақстан Республикасының барлық ХҚО-ларында елге танымал тұлғалар азаматтарға қызмет ете бастады.

Акция барысында тұрғындардың цифрлық сауаттылығын көтеріп, электрондық қызметтерді алуға үйретуге күш салынып, әсіресе телеграмм-бот EgovKzBot арқылы электрондық анықтамаларды алу, жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру, автокөлікті онлайн тіркеу, бала тууға байланысты проактивті қызметтері кеңінен насихатталуда.

«Азаматтарға арналған үкіметтің» Жамбыл облысы бойынша филиалына қарасты 19 фронт-офисінде жұмыс істейтін мыңнан астам маман  аптаның алты күнінде таңғы сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін  азаматтарға мемлекеттік қызметтер ұсынады.

Биыл жыл басынан бері Жамбыл облыстық филиалы тұрғындарға 120 мыңнан астам  мемлекеттік қызмет көрсетті.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.