Өмір баспалдағы | arainews.kz

Өмір баспалдағы

191

Кішкентай Азаматтың ата-анасымен қалаға көшіп келгеніне көп болған жоқ. Бүгін ғана өзі болып есіктің алдындағы орындыққа жайғасты. Айналасына көз тастап, жан-жағына қарады. Ауылда арқанмен тартылатын әткеншек мұнда темірден жасалыпты. Бір жағында арнайы құм үйіліп тұр. Балалар алма-кезек сырғанаққа шығып, төмен сырғуда. Азаматты «кел» деп шақырып жатқан ешкім жоқ. Өзімен жасты бір-екі бала қолдарына қоқыс салған шелектерін ұстап далаға шықты. Енді біреуі дүкеннен алған бір бөлке нанын құшақтап, үйіне кіріп кетті. Әйтеуір өздерімен – өздері.
Сол сәт Азаматтың есіне ауыл түсіп, жылағысы келді. Айлы түнде тапшанда атасының қасында жатып, жымыңдаған жұлдыздармен сырласатын. Түнде есек ақырып, қораз шақырса да ұйқысынан оянбайтын. Таңертеңмен атасы мен әжесі дастархан жасап, шәй ішіп отыратын. Сүт құйылған тостақты аузына тосып, бір үзім ыстық таба нанды қолына ұстата қоятын. Қарны тоя сала далаға жүгіруші еді. Артынан күшігі Мойнақ та құйрығын бұлғаңдатып, ілесе шығады. Арықтың жағасында күткен достарымен алысып, ойынның соңына түсетін. Доп ойнайды, асық атады. Желді күні батпырауық ойнағанды жақсы көретін. Күн төбеге көтерілгенде шомылуға аяңдайтын. Қас қарайғанда беттері торлама қауындай болып үйге оралатұғын. Анасы «Қол-аяғыңды жақсылап жу» дегеніне қарамастан, отырған жерінде ұйқыға кететін. «Әжесінің баласы» дегенге арқаланып, әке-шешесін тыңдамайтын кездері жиі болатын. Соның бәрі көңілін мұңайтып, жабырқатты.
Қалаға келгелі өзін жалғыз сезінеді. Қызықтың бәрі ауылда қалғандай. Орнынан тұра бергенде өзімен шамалас екі бала келіп жақындады. Көзі қысығы – Әзем, екіншісі шашын «Найнтиуанның» әншілеріне ұқсатып қойған арығы Бекжан екен. «Дос болайық» деп қолдарын созды. Бұл да қолын берді. Олар да Азамат сияқты мектепке бірінші рет бармақшы. Ауыл баласы еркелігін тастап, атасы мен әжесі, достары үшін жақсы оқымаққа өзіне уәде берді. Ертең ол үшін алғашқы өмір баспалдағы басталарын кішкентай жүрегі лүпілдеп сезіп тұрды.

Жалғас ҚУАНЫШ,
№8 Төле би атындағы гимназияның
11-сынып оқушысы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.