Жүздікке енген үздіктер | arainews.kz

Жүздікке енген үздіктер

Тараз қаласындағы 3 гимназия еліміздегі ең озық білім ошақтарының қатарына қосылды

352

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын екі бағыт бойынша оқушылар арасында пәндік олимпиада өткізіледі. Оқушылар олимпиадасының жаратылыстану-ғылыми бағыты ағымдағы жылдың 15-20 наурыз аралығында Атырау қаласында өткізіліп, Қазақстанның барлық өңірінен, Астана және Алматы қалаларынан 780 оқушыдан 20 команда қатысты. Ал, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиада осы жылдың 25-30 наурыз аралығында Қостанай қаласында өткізіліп, 550-ден астам оқушы қатыстырылған болатын. Осы білім бәсекесінің қорытындысында командалық есеп нәтижесіне сүйене отырып, 100 үздік мектеп анықталды. Сол үздіктер қатарына Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты 3 гимназия да енді.

Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы – 30 жылдан астам тарихында 56 «Алтын белгі», 120 «Үздік аттестат» иегерлерін шығарған білім ордасы.
Гимназия 2011 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Өнегелі педагогикалық ұжым» номинациясымен, «Алтын қыран» халықтық сапа белгісімен, 2013 жылы облыстық «Үздік білім беру ұйымы» атағымен, 2015 жылы қалалық «Үздік гимназия», облыстық «Табысты гимназия» номинацияларымен марапатталған. ҰБТ бойынша 10 жыл қатарынан республикалық 100 үздік мектептің қатарында болса, қалада 10 жылдан бері бірінші орыннан түспей келеді. Биылғы оқу жылында гимназия оқушыларының 11-і республикалық, 23-і облыстық, 45-і қалалық, 1 146-сы қашықтық деңгейдегі жарыстардан топ жарып, жалпы оқушылардың 70 пайызы, яғни 1 225 оқушы түрлі деңгейдегі, әртүрлі бағыттағы байқау-конкурстарда жүлделі орындардан көрінді.
Аталмыш гимназияның ұлағатты ұстаздары республикалық байқаулардан 42, облыстық сайыстардан 6, қалалық додалардан 5, қашықтық сындардан 20 жүлделі орындарды иеленген.
Үздіктердің қатарына енген екінші білім ордасы – Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназия. Ол – облыстық «Табысты мектеп» номинациясының иегері, «Орта білім беру үздік ұйымы» конкурсының жеңімпазы, облыстық рейтингте алғашқы үштіктердің қатарынан орын алған білім ошағы. 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша 10 оқушысы республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының жүлдегерлері атанды. Сондай-ақ, 3 оқушысы халықаралық, 7-еуі республикалық, 11-і облыстық байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары. Сонымен қатар, 195 қашықтық олимпиадалардың жүлдегерлері де бар.
Гимназия педагогтарының 43-і республикалық, екеуі облыстық, жетеуі қалалық байқаулар мен қашықтық олимпиадалар жүлдегерлері атанды.
Тағы бір қуанышымызды еселеген оқу ордасы – Төле би атындағы №8 гимназия. Бұл білім беру мекемесі «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді енгізу арқылы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру» тақырыбында шығармашылық жұмыс жүргізіп келеді. Гимназияда барлығы 161 педагог еңбек етеді. Оның 64 пайызы жоғары және бірінші санатты мұғалімдер. Тағы 4 мұғалімі «Ы.Алтынсарин медалінің» иегерлері болса, төртеуі «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» медалін алғандар. Ал, бір ұстаз «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медаліне ие болған.
Гимназия ашылғалы бері мектеп бітірген түлектер саны – 2 046, оның ішінде 35 оқушы «Алтын белгі» иегерлері. Сонымен қатар, 18 оқушысы «Болашақ» бағдарлама­сының түлектері. Білім ошағы өткен оқу жылын да табысты аяқтады. Бітірген 74 түлектің 37-сі мемлекеттік білім беру гранттарын иеленді. 5 түлек Америка Құрама Штаттары, Түркия, Латвия, Польша сияқты мемлекеттердің үздік жоғары оқу орындарының гранттарын жеңіп алды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша гимназия қала бойынша үздік ондықтың қатарынан көрінді.
«SKILLS ACADEMY» мекемесі гимназияны республика бойынша «Үздік ұжым» номинациясымен марапаттады. Халықаралық Педагогика және Инновациялық Технологиялар Ғылым Академиясы ұйымдастырған республикалық «Олимпийский парад-2018» байқауында «Үздік білім беру мекемесі» және «Үздік білім беру мекемесінің басшысы» номинациялары табысталды. Республикалық «Пифагор» мекемесі ұйымдастырған математика пәнінен Пифагор олимпиадасында гимназия оқушыларынан құралған команда І орынды иеленіп, қаладағы «Үздік математиктер мектебі» атанды. Республикалық пән олимпиадасында Тараз қаласынан жалғыз алтын медальді осы гимназияның оқушысы Джаһангер Ақжан жеңіп алды. Ал, 53 оқушысы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» мен «Білім-инновация» лицейлеріне оқуға түсіп, гимназия аталған мектептерге түсушілер көрсеткіші бойынша ТОП-10 мектептің қатарынан көрінді.
Гимназияның 3-сынып оқушысы Іңкәр Қабылбек Италия астанасы Рим қаласында өткен әлемдік музыка байқауында (пианинода ойнау) жүлделі ІІІ орынды иеленсе, 6-сынып оқушысы Әлім Тоғызбай Шри-Ланка Республикасында шахматтан өткен жарыста күміс медальді олжалады.
Біліммен биік белестерді бағындырған гимназиялардың толайым табыстары өзге оқу ордаларына үлгі болатындығына нық сенімдіміз.

Мүбәрак Жинақбаева,
Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.