Қайта өңдеу қарымы қашан оңалады? | arainews.kz

Қайта өңдеу қарымы қашан оңалады?

193

Әулиеата өңірі әуелден аграрлы аймақтар қатарында. Диқандар қауымы дала төсін дүбірге бөлеп, қамбаны дәнге толтыруға дағдыланған. Төскейде төрт түліктің қатары да жылдан жылға артып келеді. Алайда, тұрғындарды айран, қаймақ, қатық, сары май, ірімшік, сыр секілді сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге келгенде жүзімізді төмен салатынымыз жанға батады. Облыста осы бағытта қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың саны саусақпен санарлық. Ашығын айтқанда, жұртшылықты сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету көлемі 50 пайызға да жетпейді. Ал, мал шаруашылығына бейім деп танылған Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында сүт өңдейтін кәсіпорын тұрмақ, сауынды сиыр ұстайтын бірде-бір шаруашылықтың болмауы ойды он саққа жүгіртеді. Ол аудандардағы шаруалардың мүйізді ірі қараны тек азанда өріске айдап салып, кешке күтіп алумен шектеліп отырмағаны анық. Ендеше, тауарлы сүт фермасын дамыту мен сүт және сүт өнімдерін өндіретін зауыт немесе шағын цехтардың санын көбейтуге не кедергі? Біз осы мәселені зерделеп көрген едік.

Бүгінде облыста 414 мың 714 бас мүйізді ірі қара болса, оның 171 мың 781-і аналық бас. Қалғаны бұқа, бұзау, тана-торпақ. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Балжан Ысқақова сүт бағытындағы шаруашылықтардан бөлек, өңір тұрғындарының қолындағы сауылған сүттің оларды кооперативке біріктіру арқылы жиналып жатқанын айтады.
– Облыста бас-аяғы 37 тауарлы сүт фермасы бар. Оның 25-і автоматтандырылған әрі тасымалдаушы сүт сауу қондырғысымен жабдықталған. Тауарлы сүт фермасын ілгерілету ісі «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Мәселен, қарамағында 50 сауын сиыры бар, сауыншылыққа қажетті заманауи қондырғымен жабдықталған шаруашылықтар 1 литр сүт өткізсе, оларға 15 теңге субсидия төленеді. Ал, мал басы 400 бастан артық болса, олар өткізген 1 литр сүттің субсидиясы 25 теңге. Бұдан бөлек, кооперативке біріккендер өткізген сүтінің әр литріне 10 теңгеден алады. Сондай-ақ, асылдандыру жұмысын жүргізген шаруа қожалығындағы әр сиырға 10 мың теңге субсидия беріледі. Тауарлы сүт фермасын дамытуға арналған тағы бір меже – шетелден асыл тұқымды мал сатып әкелу. Бүгінде Қордай ауданындағы «Қақпатас — Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 200 бас мал сатып әкеліп бұзаулатты. Жалпы, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осы тектес қолдаулар тауарлы сүт фермасының санын көбейтіп қана қоймай, сүт бағытындағы қайта өңдеуші кәсіпорындардың сүт қабылдау әлеуетін арттыруға да негіз болуда, – дейді Б.Ысқақова.
Облыста өндірілген сүт және сүт өнімдерінің көлемі өңір тұрғындары сұранысының қанша пайызын қамтамасыз етіп отырғанын білмек болып, осы басқарманың инновациялық және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бөлімінің бас маманы Лесхан Сейдалиевті әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, аймақта сүт өңдейтін іргелі кәсіпорындар мен шағын цехтардың саны – 17. Оның бесеуі Тараз қаласында орналасса, үшеуі Жуалы ауданында. Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандарында екі-екіден, ал Т.Рысқұлов пен Шу аудандарында бір-бір кәсіпорынан бар.
– Сүтті қайта өңдеу кәсіпорын­дарының осы жартыжылдықта қанша өнім өндіргені туралы әзірге мәлімет жоқ. Ал, былтыр олар 303 мың тонна сүт өндіріп, оның 55 пайызы қайта өңдеуге жіберілді. Осылайша, 893 тонна ірімшік өндіріліп, облыс қажеттілігінің 26,2 пайызын өтеді. Өйткені, былтыр облыс тұрғындарына 3 355 тонна ірімшік қажет болған еді. Ал, өндірілген сары май өнімі сұраныстың 34,1 пайызын ғана қамтамасыз етті. Жалпы, әр аудандағы сүт көлемі жан басына шаққанда 100 пайыз жеткілікті. Тек, Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандары ішкі қажеттіліктің 70 пайызын ғана жауып отыр, – дейді Лесхан Жұмаханұлы.
Облыстағы аудандар өз-өзін 70-100 пайыз сүтпен қамтамасыз етіп отыр дегенге сенгіміз-ақ келеді. Бірақ, не сауын сиыр ұстап отырған шаруасы, не қайта өңдейтін кәсіпорны жоқ Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарын бұл санатқа жатқызу ақылға қонымсыз. Өйткені, арнайы қаптамаға құйылып, өңделген сүтті тұтынушылар қайдан алуда? Ал, бұл аудандардың сары май, сүт, сүзбе секілді өнімдерге келгенде сыртқы нарыққа тәуелді екені айдан анық. Мәселен, Талас ауданында 27 мың 993 сиыр бар болса, оның аналығы – 14 мың 984 басты құрайды. Осы аналық бас сиырдың 49,1 пайызы агроқұрылымдарға тиесілі. Оның ішінде 1 889 басы сүт бағытындағы сиыр бола тұра мемлекеттік бағдарламаға қатысып, субсидия алып отырған шаруашылықтардың жоқтығы еріксіз ойландырады. Тек Үшарал ауылдық округіндегі «Ақбас» шаруа қожалығының былтыр ғана сырттан 103 бас асыл тұқымды «Алатау» сиырын сатып әкелгені бұл жақтағы мүйізді ірі қарасы бар байлардың шаруашылығын сүт бағытына шындап бұруға құлықсыз екенін көрсеткендей. Ал, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай тауарлы сүт фермасы мен сүт және сүт өнімдерін өндіру ісінің өрге баспай отырғанын жер жағдайының қолайсыздығымен байланыстырады.
– Талас ауданы шөл және шөлейтті, қуаң аймақта орналасқандықтан, өңірдің мал шаруашылығындағы басты бағыты ет өндіру болып табылады. Сиыр сүті өнімдерін молайтуға қажетті пішендеме (силос) секілді мал азығы бүгінгі күнде ауданда дайындалып жатқан жоқ. Ондай сулы мал азығын әзірлеуге суармалы жерлердің жағдайы көтермейді. Бұрынғыдай лотоктар жоқ, бәрі қирап қалған. Талас, Аса өзендерінің табаны шілдеге жетпей кеуіп кетуде. Ал, мұндай мал азығын дайындайтын жүгері, қамыс-құрақ секілді өсімдіктер суды көп қажет етеді. Сараптамалар көрсеткендей жұртшылық шаруашылықтарында өндірілген сүт халықтың пайдалануынан артылмайды, қамтамасыз етілуі 70-75 пайыз. Шикізаттың тапшылығынан Қаратау қаласындағы тәулігіне 2,0 тонна сүт өнімдерін өңдейтін цех амал жоқ, жұмысын тоқтатты, – дейді Ауданбек Тәжібекұлы.
Бір таңғаларлығы, осы аудандарда жеке кәсіпкерлер сол өңірдегі аурухана, мектеп, балабақша, қарттар үйі секілді бюджет есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік мекемелерге сүт және сүт өнімдерін арзан бағада жеткізіп берумен айналысып жүр. Сонда олар сүт өнімдерін қайдан алуда? Демек, әлеуметтік мекемелер құрамында түрлі қоспасы бар сүт өнімдерін тұтынып отырғаны белгілі.
– Аталған әлеуметтік мекемелерге сүт шығаратын цехы болмаса да айран-сүт таратып жүрген жеке кәсіпкерлер біздің ауданда да бар. Біз оларды тоқтата алмаймыз. Өйткені, еліміздің кез келген өңіріндегі осы бағыттағы жеке кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыс конкурсына қатысып, жеңімпаз болу арқылы осындай қызмет көрсетеді. Бұл олқылық барлық салаға тән. Мәселен, біздің аудандағы бір ауылдық округтің қоқысын шығару ісін Солтүстік Қазақстан облысының жеке кәсіпкері ұтып алды. Ал, мен оның ит арқасы қияннан келіп, біздің қоқысымызды шығарады дегенге сене алмай отырмын, – дейді Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев.
Біздіңше, сүт бағытындағы шаруаны ілгерілету үшін мәселеге басқа қырынан қарап, жаңаша жүйеге көшу қажет секілді. Сүт бағытындағы кооперативке тек сауын сиыры барларды топтас­тыр­ған­ша, суармалы жері мен техникалық мүмкіндігін де ескерген абзал. Одан бөлек, әлеуметтік саладағы мекемелерді немесе зиянды өндіріс орындарын сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету кон­кур­сының талаптарын делдал есе­бін­дегі жеке кәсіпкерлер қатыса алмай­тындай етіп күшейтсе, бұл облыс­тағы табиғи әрі сапалы өнім өндіре­­тін кәсіпорындарға үлкен қолдау болар еді.

Нұрым Сырғабаев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.