№15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат
Сметов Куаныш Адилбекович
Өмірбаяным
Құрметті жерлестер!
Мен, Сметов Куаныш Адилбекович, 1983 жылғы 30 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ.
2004 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Еңбек жолымды 2004 жылы Сарысу аудандық аумақтық сот орындаушысы қызметінен бастадым.
2007–2010 жылдары Сарысу ауданы бойынша салық басқармасының құқық қорғау және өндіру бөлімінде, кейін құқықтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінде жетекші маман-заңгер қызметін атқардым.
2013–2017 жылдары Жаңатас қаласы әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істедім.
2017–2025 жылдары «Қазпошта» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының Сарысу аудандық пошта байланыс торабының басшысы қызметін атқардым.
2025 жылдың желтоқсан айынан бастап Сарысу ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінде бас инспектор болып еңбек еттім. Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары болдым.
Қазіргі таңда Сарысу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметін атқарамын.
Отбасылымын, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмын.
Сайлауалды бағдарлама
Қадірлі сайлаушылар!
Мен үшін депутаттық қызмет – халықтың сенімін ақтау, ел алдындағы жауапкершілікті сезіну және қоғамды толғандырған мәселелердің шешілуіне нақты үлес қосу. Әрбір азаматтың ұсынысы мен өтініші назардан тыс қалмай, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер жүйелі түрде шешімін табуы керек деп есептеймін. Сондықтан Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауды басты міндетім санаймын. Осы бағытта депутат ретінде өз өкілеттігім аясында төмендегі басымдықтарға ерекше көңіл бөлемін.
Экономикалық әлеуетті арттыру және кәсіпкерлікке қолдау көрсету
Өңір экономикасының дамуы жергілікті кәсіпорындардың тұрақты жұмысына, шағын және орта бизнестің өркендеуіне тікелей байланысты. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау, өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру және инвестиция тарту мәселелерін көтеремін. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, отандық өндірісті дамыту, қызмет көрсету саласын кеңейту бағытындағы жобалардың маңызын арттыру қажет. Жергілікті кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпараттың қолжетімді болуына, қаржыландыру бағдарламаларының тиімді іске асуына ықпал етемін. Кәсіпкерлік дамыған жерде жұмыс орындары көбейіп, халықтың табыс көзі артады.
Жаңа жұмыс орындары және еңбек адамының мәртебесі
Тұрақты жұмыспен қамту – әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі кепілі. Осы орайда жастарды, жұмыссыз азаматтарды және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгергісі келетін тұрғындарды қолдау мәселесін назарда ұстаймын. Кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту, жастарды нақты мамандықтарға даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстар енгіземін. Сонымен қатар еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру бағытындағы бастамаларды қолдаймын.
Ауылдық аумақтарды дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту
Ауылдың әлеуетін арттырмай, тұтас өңірдің дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан елді мекендердегі ауызсу, электр энергиясы, жол, көше жарығы және интернет сапасына қатысты мәселелердің шешілуіне басымдық беремін. Тозығы жеткен инженерлік желілерді кезең-кезеңімен жаңарту, жөндеуді қажет ететін жолдарды қалпына келтіру, қоғамдық орындар мен балалар алаңдарын абаттандыру бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар жолдаймын. Әсіресе, шеткері орналасқан елді мекендердің инфрақұрылымдық қажеттіліктері назардан тыс қалмауы тиіс. Әрбір ауыл тұрғыны сапалы ауызсуға, жарыққа, қауіпсіз жолға және заманауи байланыс қызметтеріне қол жеткізуі керек.
Білім мен денсаулық сақтау саласының сапасын көтеру
Сапалы білім мен қолжетімді медициналық қызмет – қоғам дамуының басты көрсеткіштері. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу, ауылдық жерлердегі педагог мамандардың әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды қолдаймын. Оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне, қосымша білім алуына және кәсіби бағдарлануына мүмкіндік беретін жобаларды дамыту қажет. Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, ауылдық жерлерге білікті мамандар тарту мәселелерін тұрақты бақылауда ұстаймын. Әсіресе, ана мен бала денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру маңызды.
Экология және қолайлы өмір сүру ортасы
Таза қоршаған орта – әрбір тұрғынның денсаулығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Елді мекендердегі санитарлық тазалықты сақтау, тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жүйесін жетілдіру, жасыл желектерді көбейту, су көздерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Көгалдандыру ісінде ағаш отырғызумен ғана шектелмей, олардың күтімі мен сақталуына да мән беру керек. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қоғамдық бастамаларды қолдап, тұрғындарды ортақ іске жұмылдыруға күш саламын.
Құрметті сайлаушылар!
Менің ұстанымым – құрғақ уәде емес, нақты жұмыс пен нәтижеге негізделген жауапкершілік. Кез келген мәселенің шешімі халықпен ашық пікір алмасудан, өзара сенім мен бірлескен әрекеттен басталады. Сондықтан тұрғындардың бастамаларына қолдау білдіріп, өңірдің дамуына бағытталған маңызды жобалардың жүзеге асуына күш саламын.
Халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік. Мен осы сенімді ақтау жолында ел мүддесін бәрінен жоғары қойып, өңіріміздің жарқын болашағы үшін табанды еңбек етуге дайынмын!
Тапсырыс беруші: №15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Сметов К.А.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.
Comments are closed.