Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы: «Әділет» кандидаттары денсаулық сақтау мамандарымен кездесті — arainews.kz

Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы: «Әділет» кандидаттары денсаулық сақтау мамандарымен кездесті

6

2031 жылға дейін Жамбыл облысында алты жаңа медициналық нысан салынып, 17 нысан жөнделеді. Сонымен қатар екі диагностика орталығы ашылып, 215 медицина маманына әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Жамбыл облысында медициналық инфрақұрылымды жаңарту, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және кадр тапшылығын азайту мәселелері «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыру аясында талқыланды. Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар Әлібеков Серік Айдарұлы мен Оралхан Дәуіт Абдрашұлы облыстық реабилитациялық орталық пен №5 қалалық аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесіп, сала мамандарының ұсыныстарын тыңдады.
Облыстық реабилитациялық орталықта өткен кездесуде медициналық оңалтудың қолжетімділігі, мамандардың кәсіби әлеуеті және пациенттерді қалпына келтіру қызметтерін жетілдіру мәселелері көтерілді.
Кандидат Әлібеков Серік Айдарұлы денсаулық сақтау жүйесінде аурудың салдарымен күресумен қатар, оның алдын алу мен оңалтуға да басымдық беру қажеттігін атап өтті.
№5 қалалық ауруханада өткен кездесуде медициналық нысандарды жаңғырту және диагностикалық қызметтерді кеңейту мәселелері талқыланды.
Кандидат Оралхан Дәуіт Абдрашұлы өңірлік бағдарламада белгіленген нақты көрсеткіштерге тоқталды.
«2031 жылға дейін облыста алты жаңа медициналық нысан салу, жұмыс істеп тұрған екі нысанға қосымша корпус тұрғызу, бес тозығы жеткен корпусты қайта жаңғырту және 17 нысанды жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен Қордай ауданында екі инвазивті емес диагностика орталығы ашылады. Бұл медициналық инфрақұрылымның тозуын азайтып, сапалы диагностиканы тұрғындарға қолжетімді етуге бағытталған», — деді ол.
Бағдарламада ауыл тұрғындарын медициналық қызметпен қамтуға да ерекше мән берілген. Жылжымалы медициналық кешендер арқылы миллионнан астам ауыл тұрғынын қамту көзделген. Бұл шалғай елді мекендердегі тұрғындардың медициналық тексерулер мен консультацияларды тұрғылықты жеріне жақын жерде алуына мүмкіндік береді.
Өңірлік бағдарламада медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен кәсіби даярлығын күшейтуге арналған шаралар да қамтылған. 2031 жылға дейін 215 медицина маманына тұрғын үймен қамтамасыз ету, ынталандыру төлемдері, көтерме жәрдемақылар және өзге де әлеуметтік қолдау шараларын көрсету жоспарланған. Сонымен қатар резидентурадағы нысаналы гранттарға кемінде 1,5 млрд теңге бағыттау көзделген.
Кездесулер барысында медицина қызметкерлері саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, жұмыс жағдайы, кадрлық қамтамасыз ету және медициналық қызметті ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Кандидаттар мамандардың пікірлерін тыңдап, өңірлік бағдарламаның міндеттерін түсіндірді.
Кездесу қорытындысында денсаулық сақтау саласын дамытуда медициналық инфрақұрылымды жаңарту, ерте диагностика, ауылдық медицинаны қолдау және білікті кадрларды даярлау бағыттарының өзара байланысы атап өтілді.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді

 

Comments are closed.