4,6 млн шаршы метр баспана, 20 мың жаңа жұмыс орны: «Әділет» партиясының Жамбылға арналған жоспары — arainews.kz

4,6 млн шаршы метр баспана, 20 мың жаңа жұмыс орны: «Әділет» партиясының Жамбылға арналған жоспары

10

Қолжетімді баспана, сапалы ауыз су, газбен қамту, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Бұл – «Әділет» партиясының Жамбыл облысын 2031 жылға дейін дамытуға арналған сайлауалды бағдарламасында көзделген тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған негізгі міндеттер.
Осы мәселелер Тараз қаласындағы «Ақбұлым» тұрғын алабының тұрғындарымен өткен кездесуде талқыланды. Жүздесуге партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидат Жолдасбеков Нұржан Қырықбайұлы және сайлауалды штаб мүшесі Қалиев Сауран Қалиұлы қатысып, өңірлік бағдарламаның басым бағыттарын таныстырды.
Бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін облыста 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның ішінде 8 833 бюджеттік пәтер қарастырылған. Бұл тұрғын үй кезегін 13 пайызға қысқартып, баспанаға мұқтаж азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында 1,2 мың шақырым су құбыры желісін қайта жаңарту жоспарланған. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейін 27,3 пайыздан 10,8 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар 79,7 мың тұрғыны бар 30 елді мекенді газбен қамту арқылы облыстағы орталықтандырылған газбен жабдықтау деңгейін 97,3 пайызға жеткізу міндеті қойылған.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалмаған. 2031 жылға дейін облыс бойынша 456,5 шақырым жолды жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 99 пайыз деңгейінде сақтауға мүмкіндік береді.
Тұрғындардың әл-ауқаты әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігімен де тығыз байланысты. Осыған орай, бағдарламада білім беру саласында 8,4 мың жаңа мектепке дейінгі орын ашу және 4 370 оқушы орнына арналған 9 мектеп салу көзделген. Денсаулық сақтау бағытында 2 медициналық нысан салу, тағы 1 нысанды жаңғырту, Тараз қаласы мен Қордай ауданында 2 диагностикалық орталық ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының кемінде 80 пайызын жылжымалы медициналық кешендердің қызметімен қамту міндеті белгіленген.
Кездесу барысында «Ақбұлым» тұрғын алабының тұрғындары жолдардың жағдайы, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру және коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Өз кезегінде партия өкілдері тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін назарға алды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, тұрғындардың күнделікті өміріне қатысты мәселелерді талқылауға және оларды шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.  

Comments are closed.