Қазіргі қоғамда ақпараттың маңызы ерекше. Бір ғана оқиға туралы түрлі ақпараттың таралуы азаматтан деректі саралап, шынайы мәліметті ажырата білуді талап етеді. Әсіресе қоғамдық-саяси маңызды кезеңдерде бұл жауапкершілік арта түседі.
23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Сайлау азаматтың өз таңдауын білдіретін конституциялық құқығы болғанымен, онымен бірге үлкен жауапкершілік те жүктеледі.
Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті – халыққа нақты, тексерілген әрі сенімді ақпарат жеткізу. «Құлан таңы» газеті де аудан тұрғындарын қоғамдық маңызы бар оқиғалардан хабардар етіп, өзекті мәселелерді көтеріп келеді. Жалпы журналист үшін шынайылық пен жауапкершілік – басты қағидалар.
Әлеуметтік желілердің кең таралуына байланысты жалған және расталмаған ақпараттың жылдам таралу қаупі де бар. Сондықтан азаматтар кез келген мәліметке сын көзбен қарап, ресми дереккөздерге сүйенуі керек. Сайлау кезеңінде ақпараттық сауаттылықтың маңызы ерекше.
Саналы таңдау жасау үшін азамат елдегі өзгерістерді түсініп, өз ұстанымын қалыптастыруы қажет. Сайлауға қатысу – қоғам өміріне араласудың және ел болашағына деген жауапкершіліктің бір көрінісі.
Саналы таңдау – ортақ жауапкершілік. Әр азаматтың таңдауы елдің ертеңіне әсер ететінін түсінгені маңызды.
Нұрлан Бықыбаев
«Құлан таңы» газетінің бас редакторы