Қазақстанның су шаруашылығы саласында 29 мыңнан астам адам еңбек етеді — arainews.kz

Қазақстанның су шаруашылығы саласында 29 мыңнан астам адам еңбек етеді

11

9 шілдеде Қазақстанда Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі. Бүгінде еліміздің су шаруашылығы саласында 29 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның ішінде 10,9 мыңнан астамы Су ресурстары және ирригация министрлігі жүйесінде жұмыс істейді.

Атап айтқанда, министрліктің орталық аппаратында 176 қызметкер, Су шаруашылығы комитетінде 37 адам еңбек етеді. Ал Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті мен бассейндік су инспекцияларында 222 маман қызмет атқарады.

«Қазсушар» РМК-да 9889 адам, «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ-да 65 қызметкер жұмыс істейді. «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінде 368 маман, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында 101 маман еңбек етеді. Сондай-ақ «SK Water Solutions» ЖШС-да 45 адам, өңірлік мемлекеттік мекемелерде 9 қызметкер жұмыс істейді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанның су шаруашылығы саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Құрметті әріптестер! Сіздерді Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрқайсыңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, кәсіби жетістік және отбасыларыңызға амандық тілеймін. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында еліміздің су қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп сияқты экономиканың маңызды салаларының тұрақты дамуына негіз қаланып отыр. Сіздер су тасқыны кезеңінде судың қауіпсіз өткізілуін, вегетация кезеңінде егістік алқаптарына судың тұрақты жеткізілуін және гидротехникалық нысандардың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз назардан тыс қалмайды. Министрлік алдағы уақытта да су саласы мамандарының мәртебесін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрлік құрылған күннен бастап су шаруашылығы мамандарының мәртебесін көтеруге және олардың еңбек жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соңғы екі жарым жылда «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен екі есеге артты.

Бұдан бөлек, «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» жаңа мемлекеттік наградасы тағайындалды.

Сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 2024 жылы су шаруашылығы мамандықтары алғаш рет «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Бүгінде «Қазсушардың» Жамбыл филиалының бірнеше маманы көтерме жәрдемақы алды. Ал былтыр саланың алты маманы «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасының қатысушысы атанды.

2025 жылы «Қазсушар» РМК филиалдарына 576 техника берілді. Бұған қоса, тариф қаражаты есебінен тағы 135 техника сатып алынды. Соның нәтижесінде кәсіпорынның техника паркі 27%-ға жаңартылды. Сондай-ақ «Қазсушардың» 435 маусымдық қызметкері тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.