Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінің ұйымдастыруымен
оқушылар арасында өткен «МЕНІҢ ӘКЕМ» республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті.
Байқау — бала мен әке арасындағы рухани байланысты көркем сөз арқылы жеткізуді мақсат тұтты.
Республиканың барлық өңірінен 2 мыңға жуық оқушы қатысқан бұл бастама жас ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Салтанатты басқосуда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков оқу ордасы әкелер институтының беделін арттыруға арналған “Ұждан” ағартушылық-танымдық жобасын іске асырып жатқанын, соның аясында “Менің әкем” байқауы да өткенін атап өтті.
Кеш барысында І, ІІ, ІІІ орын иегерлеріне дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Шығармалары үздік деп танылған оқушыларға Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин және Дидахмет Әшімхан атындағы арнайы жүлделер тағайындалды. Барлық жүлдегерлер мен олардың жетекшілеріне Оқу-ағарту министрлігінің дипломдары мен алғысхаттары берілді.
Байқауға қатысып, жүлдеден тыс қалған 100 оқушыға да естелік сыйлықтар ұсынылды. Оларға елімізге танымал ақын-жазушылар, Мәжіліс депутаттарының тілегі жазылған, қолтаңбасы қойылған кітап табысталды.
Айта кетейік, «Ұждан» жобасы қазақ қоғамындағы әке рөлін дәріптеуге, отбасы құндылығын насихаттауға және ұлттық тәрбие негізін нығайтуға бағытталған әлеуметтік-мәдени жоба. Жоба аясында подкасттар, сараптамалық сұхбаттар мен түрлі форматтағы тәрбиелік мәні бар контенттер қолға алынған. «Менің әкем» байқауы – осы жобаның ең ірі республикалық бастамаларының бірі.
Марапаттау рәсіміне қоғам қайраткерлері, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар қатысты.