«Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады | arainews.kz

«Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады

8
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгін әулиеталықтар атсалысқан Тараз қаласындағы «Мамыр саябағы», «Айша бибі» мен «Қарахан» кесенелерінің аумағында және аудан орталықтары мен елді мекендерде 30-ға тарта тазалық іс-шаралары ұйымдастырылды. Қуанарлығы, шара барысында екі мыңға жуық адамның құлшынысынан сабақтастық байқалды.
Жалпы, тазалық акциясы жаңа экологиялық ойлау мен азаматтарымыздың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыруға бағытталып отыр. Өңірімізде акция аясында жыл басынан бері 357 елді мекенде (о.і. 4 қала) 350 шақырым канал, 48 мың тұрғын үй аулалары мен 1,3 мың шақырым көшелер тазартылып, 2,8 мың тонна қоқыс шығарылды. Бұдан бөлек 130 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар, мәдени-тарихи ескерткіштерді ретке келтіріп, аумағын тазалау жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп. Сондықтан «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс» — деп атап өткен болатын (барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумында сөйлеген сөзінде).
Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, экологиялық акцияның шеңберінде «Таза аула – таза қала» атты экологиялық байқаулары, «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі аула» конкурстары өткізіліп, жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетіледі.
Шын мәнінде, болашақ ұрпақтың дені сау болуын қаласақ қазірден экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Мұны әр адам өзінен бастағаны жөн.
«Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» дейді халық даналығы.
Табиғатты қорғап, болашақ ұрпаққа қалдыру біздің парызымыз.
Сондықтан, қоғам өміріне бейжай қарамайтын отандастарымызды «Таза Қазақстан» акциясына белсене атсалысады деген сенімдемін!

 

Серік СӘЛЕМОВ,
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.