Аймақтық ассамблеяның кеңейтілген кеңесінің отырысы өтті | arainews.kz

Аймақтық ассамблеяның кеңейтілген кеңесінің отырысы өтті

5

Достық үйінде ҚХА-ның 30 жылдығына орай Жамбыл облысы бойынша ҚХА кеңейтілген кеңесінің отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев және  Жамбыл облысының әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Ербол Қарашөкеев және ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен құрылымдардың төрағалары мен өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында модераторлық еткен облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы жиынға қатысушыларға 30 жылдық тарихында береке-бірлігіміздің ұйытқысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының және өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары туралы  баяндады.

Жиынға қатысушылар алдында алғашқы болып сөз сөйлеген Мәлік Отарбаев «Облыстық Ассамблея құрылған 30 жыл ішінде этносаралық келісімді нығайтуға, қазақстандық патриотизмді, толерантты мінез-құлықты қалыптастыруға және этностардың ұлттық мәдениетін дамытуға бағытталған ондаған мың әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды жүзеге асырды.  Осы орайда облыстағы қоғамдық бірлік пен келісімді сақтауға және нығайтуға, қайырымдылық шараларын жүзеге асырудағы жоғары белсенділіктеріңізден  де хабардар екенімізді айтқым келеді» — деп, атқарылып жатқан істерге оң көзқарасын білдірді.

Алқалы жиында бұдан өзге «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы баяндама жасады.

Ал ҚХА аты қатар жүретін қайырымдылық туралы ҚХА «Жомарт жан» қайырымдылық орталығының төрағасы,   облыстық мәслихаттың депутаты  Жалил Аббосов өз есебінде баяндады.  Орталық басшысы қайырымдылық қызметін үйлестіру Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттарының біріне айналғанын және 2024 жылы қайырымдылық шараларын тиімді жүзеге асыру мақсатында этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және облыстық ҚХА меценаттары кіретін  Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт Жан» атты орталығы құрылғанын атап өтті.

Кеңейтілген кеңестің отырысы бұдан әрі марапаттау рәсіміне ұласты. Онда  ҚХА мүшелері мен ардагерлеріне, этномәдени бірлестіктер мен Жамбыл облысы ҚХА құрылымдарының өкілдеріне ҚР Президенті жарлығымен «Қазақстан Халық Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медальдары табыс етілді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.