Татуластыру рәсімдерін жүргізу | arainews.kz

Татуластыру рәсімдерін жүргізу

2 277

«Медиация» ұғымын қазіргі таңда өте жиі кездестіруге болады. Әсіресе медиацияның сот саласында қолданылуының көрсеткіші өсуі, әрине, қуантады. Өйткені, бұл деген сотқа жүгінген дауласушы тараптардың бір мәмілеге, ортақ шешімге, екі жақтың жағымды және тиімді қанағаттанарлық шешімге келуі деген сөз, яғни екі тарапқа да ұтымды жолының табылуы.
Сот саласы мемлекет басшысының медиация институтын жандандыру қажеттігі бойынша тапсырмасын орындауды қатаң бақылауға алып, осы бағытта соңғы кездері белсенді жұмыстарын атқаруда.
Әсіресе қазіргі кезде азаматтық істер бойынша сотқа жүгінген дауласушы тараптармен татуластыру рәсімдерін жүргізу кең ауқымда Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жүргізілуде, яғни азаматтық істерді қарау барысында неке бұзу бойынша талап арызбен жүгінген ерлі-зайыптыларды сот мейлінше татуластыруға немесе дауласушы тараптарды бір мәмілеге келтіруге бар күшін салуда.
Сондай-ақ, медиация рәсімін қолдану арқылы тараптардың татуласуы судьяларға түсетін жүктеменің де төмендеуіне әсерін тигізетіні анық. Өйткені, тараптар татуласқан немесе бір мәмілеге келген жағдайда іс қараудың кез-келген сатысында тоқтатылуға жатады.
Сонымен қатар, татуластыру рәсімдерін жандандыру мақсатында елімізде бірнеше жыл бұрын Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен «Отбасылық сот» пилоттық жобасы да енгізілген болатын. Яғни бұл жоба отбасы институтын жандандыру, отбасы құндылықтарын сақтау, жанұялық жарасымдылықты сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, кәмелетке толмаған балалардың толыққанды отбасымен тұру және тәрбиелену мүмкіншілігін арттыру мақсатында енгізілген.
Аталған жобаның қолданысқа енгізілу себебі — еліміздегі ажырасу бойынша сатистиканың үлкен көрсеткіші десек болады.
Сонымен қатар, қылмыстық процесс барысында медиацияны, татуластыру рәсімдерін жүргізу тараптар қол жеткізген дау-дамайды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған тұлғаның жәбірленушімен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келісімді білдіреді.
Келісім Қазақстан Республикасының Қылмыстық  процестік кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын немесе оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады.
Алайда, медиацияны қылмыстық істердің барлық санатына қолдануға жатпайтынын ескеру қажет, яғни онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданып, медиаторлардың қарауына беруге болады.

Әйгерім ДАВЛЕТБАЕВА,
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.