ҚАЖ қызметкерлері Отан қорғаушылар күнін атап өтті | arainews.kz

ҚАЖ қызметкерлері Отан қорғаушылар күнін атап өтті

70

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты шараға департамент бастығы, әділет подполковнигі Жаныбек Қосжанов, №25 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиев, мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов қатысты. Сонымен қатар ҚАЖ саласының ардагерлері, департаментке бағынысты мекемелердің басшылығы және қызметкерлері де мерекелік салтанатқа қатысушылар қатарында болды.

Жиында Жаныбек Жамалбекұлы сөз алып, ҚАЖ қызметкерлері мен мәртебелі меймандарды мерейлі мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол Отан қорғаушылар күні – ел әскерінің қуаты мен айбынын айғақтайтын мереке, еліміздің тыныштығын қорғап жүрген ерлерімізді ұлықтайтын күн екенін атап өтті.

– Отан алдындағы борышты өтеу, оған адал қызмет ету – абыройлы іс. Туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әрбір азаматтың қастерлі парызы. Еліміздің тыныштығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік.
Біз – тұтас тарихы, қаһармандық дәстүрі қалыптасқан жұртпыз. Батыр бабаларымыз осынау кең байтақ жер үшін шайқасып, ұрпағына мирас етіп қалдырды. Ал, кешегі аталарымыз бен әкелеріміз сұрапыл соғыста жеңіске жетті.
Біз осындай жандардың ерлігіне сый-құрмет көрсете отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және еңбекте жеміс пен толағай табыстар тілейміз. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Ел іргесі бүтін, жұртымыз тыныш болғай, – деді Ж.Қосжанов.

Салтанатты жиында қызметте алдыңғы қатардан көрінген сала қызметкерлері марапатталды. Олардың қатарында №25 мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов пен аға жедел қызметкер, әділет майоры Нұрсұлтан Каипов департамент бастығының Алғыс хатына ие болса, мекеме жедел бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Бекзат Ортаев ҚР ІІМ-нің «Қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомствалық медалін кеудесіне тақты. Сонымен қатар салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан қызметкерлер мен ардагерлер де мерекелік марапаттан құр қалмады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.