Кірпіш зауыты аумағындағы жол жөндеу жұмыстары партия назарында | arainews.kz

Кірпіш зауыты аумағындағы жол жөндеу жұмыстары партия назарында

57

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелері Кірпіш зауыты аумағындағы көше жөндеу жұмыстарына партиялық бақылау жүргізді.

Тараз қаласындағы аталған аумақтың көшелеріне ширек ғасырдан бері ешқандай жөндеу жүргізілмеген болатын. Биылдан бастап ол жақтың жолдарына назар аударылып, көшелері ретке келтіріле бастады. Бүгінгі күні ондағы құрылыстың мердігері – «КАТСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мердігер 8,5 шақырым болатын көше мен бірнеше бұрылыстарын орташа жөндеуден өткізуде. Қазіргі таңда жолға шиыршық тастар төсеуде. Мұндағы жолдардың ені 2,5 метрден 5 метрге дейін жетеді.

Жалпы жұмысты осыдан бір ай бұрын бастаған серіктестік алдағы апталарда асфальт төсеу жұмыстарын бастамақ. Дегенмен партия облыстық филиалына аталған аумақтың тұрғындары бірнеше бұрылыстар жөнделмей қалады деген шағымымен қайырылған болатын. Өз кезегінде, Партиялық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелері зерделеу жұмыстары барысында мердігердің нақтыланған жоба бойынша жұмыс істеп жатқанына көз жеткізді. Соған қарамастан мердігер компания өкілдері жобаға кірмеген бұрылыстарды назарға алатындарын да жеткізді.

Айта кетейік, Кірпіш зауыты аумағындағы жөндеу жұмыстары желтоқсан айына дейін толығымен аяқталмақ. Ол үшін жұмыс күші мен техника да жеткілікті. Партия бұл жұмыстардың толық аяқталғанға дейін назарында ұстайтын болады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.