Мейірхан Өмірбек тұрғындар алдында есеп берді | arainews.kz

Мейірхан Өмірбек тұрғындар алдында есеп берді

2 725

Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек аудан тұрғындары алдында 2019 жылы атқарған жұмыстары мен 2020 жылға арналған міндеттері туралы алдында есеп берді.
2018 жылмен салыстырғанда барлық саланың көрсеткіші жоғарылап, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы көш ілгері артқан.
Бұл туралы аудан әкімі 14 ауылдық округ тұрғындары алдында есепті жиналысында баяндады. Аудандағы барлық атқарылған жұмыстардың оң динамикасын аудан әкімі Мейірхан Өмірбек тұрғындарға слайд арқылы көрсетіп, түсіндірді.
Мерейлі Меркі жерінің әкімі өзінің сөзінде шағын және орта кәсіпкерлер қатарын көбейту, әсіресе жастарды кәсіппен айналысуға тарту жұмыстарына баса назар аударғанын жеткізді. Айта кетсек, былтырғы жылы 510 азамат өзінің кәсібін ашуға 256 млн. теңге қайтарымсыз грант жеңіл алған. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы аясында 10 азамат жаңашыл жобаларын қорғап, 19 млн. теңге қайтарымсыз грант иегері атанған. Олардың ішінде лимон егу, кір сабын өндірісі, бөдене құсын өсіру, жемістерді құрғату жобаларын ерекше атап өткен жөн.
Сонымен қатар ауданда ауыл шаруашылығы өнім көлемі 104,9 пайызға өскен.
Былтырғы жылы аудан аумағында 20500 гектар күздік бидай егу жоспарланса, 22620 га жерге дән егіліп, жоспар 110,3 пайызға орындалған.
Қант қызылшасы 2000 гектар жерге егіліп, 50 672 тонна өнім алынған. Облыс бойынша қант зауытына өткізілген өнім көлемі 136 300 тн болса, соның 50 мың тоннадан астамын меркілік диқандар өткізген. Қант қызылшасынан «Сыпатай батыр» ЖШС республика аумағында болмаған гектарынан 758 центнерден өнім алып, рекордты көрсеткіш өнім жинады. Ауыл шаруашылығы техникалыр бойынша 2018 жылы 70 дана техника алынса, былтырғы жылы 99 дана техника сатып алынған. Бұл көрсеткіш те көңіл толтырары анық. Қазіргі күні ауданда пилоттық жоба аясында 19 техника сатылып алынған, демек биылғы жылы техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші жылдағыдан да жоғары болады деген сөз.
Сонымен қатар, ет экспорты бойынша жұмыстар жанданған. Қой, сиыр етін экспорттау 1,64 есе артқан.
Десе де, мал басы азайған жоқ. Аудан аймағындағы шаруашылықтар шет елдерден асыл тұқымды мал алып келуді қолға алған. Мәселен, «Аспара-Хан» шқ. ақ бас 56 сиырын, «Алтын құс» шқ. 52 бас герефорд, «Достық» шқ. 50 бас қара ала, «Самғат» -45 – симметал, «Роза» — 40 бас қара ала мүйізді ірі қара әкелген. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар ет, сүт бағытындағы жұмыстарды жандандыру үстінде. Сүт бағытында 6, ет бағытында 5 кооператив жұмыс жасауда. Жыл бойы ауданнан 29549,9 тн.сүт өндірілсе, ет 12523,2 тн.-ны құраған.
Білім саласының көрсеткіші де жоғарылаған. 2017 жылы 209 бала грант жеңіп алса, 2018 жылы — 321, 2019 жылы 330 жеткен. Орташа балл 98,18 құраған.
Ауданның 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту үлесі 97,6 пайызды құраған. 2019 жылы 1 жекеменшік балабақша, 1 – 120 орындық мектеп және 12 медициналық тірек пайдалануға берілген. Енді аудан елді мекендері 100 пайыз дәрігерлік амбулаториялармен қамтылып отыр.

Ляззат Серікбай
Еркін Жасыбаев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.