Алып сағат Тараздың брендіне айналады | arainews.kz

Алып сағат Тараздың брендіне айналады

242

«Сағат»  стеласы –  «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі алаңның ортасында орналасқан биік нысан. Ол шаһардың кез келген бөлігінен көзге көрінетіндей етіп салынған. Стеланың биіктігі – 40 метр. Сағаттың диаметрі – 4 метр. Стела Самарқан кірпішімен, майолик тасынан дайындалған. Ал сағат Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жасалынған. Мұндай алып «Сағат» стеласы елімізде алғаш рет Таразда бой көтеріп отыр.  Ол өңірдегі ең биік стелалардың бірі ретінде танылуда.

Алып сағат тілі «Нұр-Сұлтан» қаласының уақыт өлшемімен бірдей жүріп отырады. Әрбір сағат сайын қоңырау соғылып, зорайтқыш дыбыспен белгі беріліп отырады.

Үш бөліктен тұратын сағат құрылысының негізгі іргетасы  төрт тұғырлы биік бағаналармен бекітілген. Нысанның түгел болмысы орта ғасырлық шығыс үлгісінде әрленгені келушілерге әдемі әсер сыйлайтыны сөзсіз.

Айта кету керек, аталған стела орнатылған аумақта  бұрын Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың ескерткіші тұрған болатын. Облысқа есімі берілген  ақынның алып ескерткіші өңірдің бас ғимараты облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңшаға көшірілген соң, бұл орынға қандай стела орнатуға болатындығы қала құрылысының кеңесінде талқыланып, сараланды. Кеңес мүшелерінің көпшілігінің қолдауымен аталған аумаққа «Сағат» стеласын орнату оң шешім болып қабылданды. Ондағы мақсат – Тараз екі дәуірден астам тарихы бар қала десек, кешендегі «Сағат» стеласы өткен мен бүгіннің, болашақтың арасындағы берік дәнекері, ғасырлар мен дәуірлердің өлшемі екендігін айғақтап тұру.

Мұндай алып сағат әлем елдерінің белді қалаларында бар екендігі белгілі. Мәскеудегі Кремльде,  Лондондағы Биг-бенде және Меккедегі биік мұнаралы сағаттар соның айғағы. Тарихи Тараздың таңғажайып кешенінің аумағынан бой көтерген «Сағат» стеласы да келушілердің қызығушылығын оятып, туристер тартуға өз ықпалын тигізеді деп күтілуде.

 Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.