Мойынқұм ауданы өңірдің ең шалғай аудандарының бірі. Сонымен қатар жер көлемі жөнінен де облыстың 40-тан астам пайызын алып жатқан аудан. Аталған аудан сайын даланы көмкеріп жатқан сексеуілімен, мыңдаған гектар суармалы егістік алқаптарымен де ерекше. Кезінде жергілікті халық қара жердің игілігін көріп, 10 мың гектардан астам жерге жүгері еккен. Аудандағы Айдарлы, Амангелді, Хантау, Жамбыл, Фурманов және Талдыөзек кеңшарлары жүгері егумен айналысты. Еліміз егемендік алған елең-алаң шақта егістік жерлердің көбі жекенің қолына өтті. Осы уақытқа дейін ауданның суармалы егістік алқаптарын пайдалануы төмен дәрежеде.
Мәселен, кезінде жүгері егумен атағы шыққан Айдарлы ауылдық округінде бүгінде 1857 гектар суармалы жер болса, оның 1290 гектары ғана пайдаға асуда. Аталған жердің 770 гектарына жоңышқа егілгенімен, бар болғаны екі рет орылады. Тіпті ауыл шаруаларында жер жыртып, дән себетін, өскен өнімді жинайтын техника жоқ. Ал жалдамалы жеке техника иелері біраз қаражат сұрайтыны анық. Бұл орайда шаруалар да суармалы жер болса, пайдалануға ниетті екендіктерін жеткізді.
«Менде біршама жылқы, сиыр және ұсақ малдармен қатар, әртүрлі техникалар бар. Енді суармалы жер болса, пайдаланар едім», дейді шаруа қожалығының жетекшісі Кеңесбай Мұсабаев.
Ауданда бүгінде суармалы егістік жерлерді пайдалану жұмыстары біртіндеп жолға қойыла бастады. Аудан әкімі Мәден Мұсаев ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін суармалы егістік жерді толығымен пайдалану қажеттігін айтты. Егер шаруалар мүмкіндігі болмай, өз жерлерін тиімді пайдалана алмаса, оны қайта өткізу қажеттігін де еске салды. Бос жатқан жерлерді жиде, қамыс, жыңғыл басып кететіні, сондықтан да пайдалануға жарамсыз болатыны белгілі.
«Егістік жерден жоғары өнім алу үшін оны баптау және сүдігер жырту керек. Сүдігер жыртылған жерден мол өнім алуға болатындығын тәжірибе көрсетіп отыр», дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол диқандар үшін екі рет оратын жоңышқадан гөрі жүгері, арпа егу анағұрлым пайдалы екенін жеткізді. Арпа, жүгері оратын мезгілде ауданда техникаларды ұйымдастыратынын да айтты. Бүгінгі басты мақсат − мыңдаған гектар жерге жүгері, арпа өнімдерін егу болып отыр. Негізінен диқандар жүгері егуге ынталы. Алайда судың уақтылы келмеуі, кейбір каналдардың көптен бері тазаланбауы, су реттегіш құрылғылардың ескіргені, сапалы тұқымның жоқтығы сияқты мәселелер шаруалардың басты мәселесіне айналған. Қазан айында Тараз қаласынан арнайы механикаландырылған жасақ 1 экскаваторын әкеліп, «Сануй» каналын тазалауға кірісіп кетіпті. Сонымен қатар «Аса-Талас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тағы да 1 экскаватор, 1 үлкен трактор келіп, жұмысын бастаған.
Кезінде кеңшарлар тараған соң, Мойынқұм ауданындағы 12 канал сатылып кетті. Иелері оны күтіп ұстай алмады. Соның кесірінен суармалы жерлерге су уақтылы келмеді. Бірақ әкімдік 10 каналды мемлекет меншігіне қайтарып алған екен. Тағы бір жағымды жаңалық, жуырда ғана «Биназар» және «Бірлік» каналдары мемлекет меншігіне қайтарылды. Ендігі жерде диқандар жүгері, арпа егу кезінде су тапшылығын көрмейді.
Сонымен қатар ауданның Бірлік, Биназар, Күшаман ауылдары егін егуге қолайлы. Бұл үшін суармалы жерлермен қатар, Биназар, Бірлік, Богдан, Сануй, Оңғарбай және Коминтерн каналдарының суын тиімді пайдалану қажет. Ауданның бүгінгі тіршілігі жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр.
«Бүгінде суармалы жерлерді тиімді пайдалану облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес, жолға қойылған. Облыста диқандарға қолұшын беруді мақсат тұтқан механикаландырылған жасақ құрылды. Осы мекеменің филиалдары Жамбыл, Шу аудандарына орналастырылып, 1 К-700, 2 МТЗ-80 тракторы, тұқым сепкіш, у шашатын техника алынып берілді», дейді аудан әкімі.
Енді мойынқұмдық диқандар егін егу, оны жинау науқаны кезінде аталған механикалық жасақтың техникаларын белгілі бір ақыға жалдауға мүмкіндік алады. Ауданда «Казводхоз» мекемесіне қарайтын өндірістік учаскесі ашылған. Өндірістік учаске каналдарға гидрожүйе салып, шаруа қожалықтарына берілген судың ақысын жинаумен, суды бөлумен айналысады. Әр шаруа қожалығы аталған учаскемен егін суын пайдалануға келісімге келе алады.
Бүгінге дейін Мойынқұм ауданында сүдігер жыртылмапты. Жергілікті әкімдік механикаландырылған жасақтың басшылығымен гектарына 8,5 мың теңгеден сүдігер жыртуға келісті. Бұл әлдеқайда арзан баға. Енді диқандар шығымы нашар, қарасора басып кеткен, өнімді аз беретін жерлерін жыртуға дайындайтын болады.
Облыс көлемінде суармалы жерлермен жұмыс қызу жүргізілуде. Алайда оған Мойынқұм ауданынан бірде-бір жер, не бірде-бір гектар канал қосылмаған. «Аудандағы 6040 гектар суармалы жер игерілмей отыр. Ал игеріліп отыр деген жерлердің өзі күмән туғызады. Мұндай талпынысқа біздің мекеме барынша көмек беретін болады. Екінші, әрбір шаруа өз жерін дайындап, күзгі сүдігер жыртуды кешіктірмеу керек. Ал каналдарды тазалап, су реттегіш құрылғыларды жөндеп, өз уақытында жеткілікті мөлшерде су беріп отыруды мойнымызға аламыз. Бұл үшін мекемеміздің жанынан ашылған өндірістік учаскесінің қызметкерлері судың дұрыс берілуін қадағалап отыратын болады», дейді «Казсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қалыбек Құдайберген.
Жуырда ғана «Казсушар» РМК Жамбыл филиалымен бірге жергілікті әкімдік тарапынан аудандағы 230 шақырымнан астам 12 канал түгелімен тексерілген. Сонымен қатар ол каналдарды пайдаланып отырған егістік көлемін, су уақтылы берілген жағдайда тағы қанша гектар жерді қосуға болатыны анықталыпты. Енді ауданда егістік жұмысының беті бері қарағалы тұр. Әлі де болса біраз каналдарды қалпына келтіру жұмыстары қажет. Мәселен, Жамбыл ауылында тұратын еңбек ардагері Қойайдар Бердіғұлов ауыл егістігіне су келетін «Алайғыр» каналының сағасы тозғанын, сондықтан су уақтылы келмейтінін, сол үшін ел егістікпен айналыса алмай отырғанын айта келіп, аудандағы канал тазалау жұмыстарына ризашылығын білдірді.
«Бүгінгі жұмыстарға қарап, алдағы жылы су келетініне сеніп отырмын. Жалпы, каналды екі жылда бір рет тазалап тұрса дұрыс болар еді», дейді Бірлік ауылындағы «Байтас» шаруа қожалығының жетекшісі Дүйсен Ақылбеков.
Ауданда сүдігер жыртуда жасалып отырған көмек аз емес. Мәселен, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов ауданнан игерілмей жатқан 120 гектар жерді алып, сүдігер жыртуды бастапты. Бұл жерге оқу орны жанындағы агробиологиялық ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен келісе отырып, жүгерінің «Арман-689» сортын егуді жоспарлап отыр. Каналдар тазаланып, су мәселесі шешілген жағдайда мол өнім алуға мүмкіндік бар.
Суармалы жерлерді тиімді пайдалану, каналдарды тазалау, техника тарту мәселесі аса өзекті. Бұл ретте ауданның айы оңынан туып, егістік алқабымен ерекшеленетін күні алыс емес…