«Орамды ой айтып жүрген әдебиетшілер адамдықтан аттамауы керек» | arainews.kz

«Орамды ой айтып жүрген әдебиетшілер адамдықтан аттамауы керек»

309

Нұрдәулет Ақыш, жазушы:

– Нұрдәулет аға, халыққа жазушы ретінде таныссыз. Газетте журналист болып та қызмет еттіңіз. Және сыншысыз. Қай қызметіңізге уақытыңызды көбірек арнайсыз?
– Жас кезден жазушы болуды арман­да­дым. Алғашқы шығармаларымды бастауыш сыныпта оқып жүргенімде жазғанмын. Бірақ олардың ешбірін баспаға ұсынған жоқпын. Көпшіліктің назарына ұсынардай емес шығар деп ойлайтынмын. Кейін 9-сыныпта жүргенімде бір повестің нобайын түсіріп қойғанмын, бірақ ол да өз қоржынымда қала берді. Сол баяғы әлі піспеген шығармам деген түсініктің салдары. Сонан бергі замандарда жеткіншектерге арналған «Момақан қыз» деген кітабым жарыққа шығарда көлемі толмай қалыпты. Соған орай баспа басшыларынан тағы да туындыларымды беруімді сұраған қоңырау түсті. Бұрын жарияланып қойылғандарды қайта ұсынғым келмеді де, қоржынымды ақтардым. Сөйтсем, баяғы 9-сыныпта жазған повесімнің қолжазбасы табыла қалғаны. Үстінен бір қарап, кей тұстарын сәл өңдеп, ұсына қойып едім, редакторларға ұнады. Соған қарап ойладым, оқушы кезімдегі жазғандарымды да баспаға ұсынсам, әдебиеттің талаптарына ептеп жауап бере алады екен ғой деп.
Рас, күйкі тіршілікпен жүріп, қалам ұстамай кеткен уақыттарым да аз емес. Әсіресе жазуға мұршам болмаған кездер – жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі және тәуелсіздік дәуірінің алғашқы жылдары. Бірақ сондай үзілістердің өзінде де жазушылық қиялдан қол үзген емеспін. Басымнан өткізген және естіген оқиғалардың негізінде келетін түрлі ойлар мен идеяларды қағазға түртіп қоятынмын. Жазушылықты кәсіп емес, жаныма жақын өнер деп білемін. Сол себепті де осыған көбірек уақытымды арнайтын сияқтымын. Және әдебиеттану ішіндегі сын жанрына да қазір көбірек еңбек етудемін.
– Сыншылыққа бет бұруыңызға не себеп болды?
– Әдебиет сыншысы боламын деп үш ұйықтасам ойыма кірмейтін. Жазушы болсам деген қиялдың жетегімен Алматыға ат басын тіресем де, ыңғайлы қызметтің ретін келтіре алмадым. Ол кезде әдебиетке жақын газет-журнал редакциялары мен баспалар аз, барғаныммен қабылдай қоймайды.
Сөйтіп жүрген күндердің бірінде өзімнің курстасым, сол кездегі жас жазушы Нұржан Мұратәлі «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында істейтін Бекен Ыбырайымов деген сыншымен таныстырды. Ол маған салған жерден «Сен сын жазып көрші. Прозаны жарыққа шығару қиын, сыни материалдар өтімді жазылса, әдебиет сынының жариялануы жеңілдеу. Дұрыс сыншылар жетіспейді» деді де, дереу тапсырма берді. Өзі «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінің қызметкері екен. Содан алғашқы рецензиямды жаздым. Көп ұзамай сәл қысқартып, жариялап жіберді. Одан кейін де Бекен ұшырасқан сайын тапсырма беріп отырды. Сыншы ретінде атымның шыға бастағаны сол кезде. Бір күні редакцияға бара қалсам, Бекен: «Қайда жоғалдың? Сені іздеп таба алмай жүрміз ғой» деді де, бөлім меңгерушісі Асқар Егеубаев екеуі мені «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі бас редакторы, жазушы Сайын Мұратбековке алып кірді. Сөйтсем, мені іздеткен сол бас редактордың өзі екен. Жазғандарым көңілінен шықса керек, талантты жазушы ағамыз мені көп ұзамай қызметке алды. Әдебиеттегі жолымды ашуға себепкер болған осындай ізгі қаламгерлер мен сын жанрына әлі де қарыздармын. Әзірге сыни тақырыптағы бір ғана кітабым шықты.
– Туындыларыңыз түрлі тақырыптарды қозғайды. Дегенмен ішінде біреуі көбірек көңіліңізді баурайтын болар…
– Жазушыға өзі жазған шығармалардың бәрі өзінің төл перзенті сияқты көрінеді. Әйткенмен бәрінің ішінде өзіңе ыстық туындылар болады. Мысалы, балаларға арналған «Жұмбақ іздер» атты шытырман оқиғалы алғашқы кітабым жаныма жақын көрініп жүрді. Ол тегін емес болса керек. Кейін сол туындым орыс тіліне аударылып, республикалық «Дружные ребята» газетінің бетінде жарты жылға жуық уақыт ішінде түгелдей басылды да, «Жалын» баспасынан кітап болып шықты. Естуімше, беларусь тіліне аударылыпты. Өйткені сондағы әріптестер сол кітабымның тұсаукесерін жасау үшін Белоруссияға шақырып жатыр.
Алғашқы кітабымнан соң оншақты жылдан кейін жарық көрген «Жатақхана қыздары» деген кітабым менің ең басты шығармам тәрізді әсер ететін. Өйткені көптен бері жазсам деп жүрген ойларымды, ниеттерімді осы кітапта көркемдеп жеткізуге тырыстым. Негізінен қыздар туралы шығарма еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бәйгесіне ие болды.
«Бейуақта жанған от» кітабымдағы әңгімелерімді, повестерімді шыққан биігімнің бір белесі ғой деп топшылаймын. 2016 жылы «Рақымсыз көктем» деген хикаятым жарық көрді. Осы туралы жұрттың пікірі жақсы. Бұл да көңілімнің төрінен орын алды. Себебі халқымыздың басынан өткен 1930-1932 жылдардағы ашаршылық зобалаңы баяндалды. Сол кездегі жанға аяздай бататын ауыр жағдайлар бейнеленді. Ондағы оқиғаның бәрі де өз ауылдастарымның аузынан естіген, өмірде болған жағдайлар. Сол ауыр жылдардағы деректерді жинақтап, шоғырландырып, бас-аяғын бүтіндеп ұсынуға тырыстым. Әзірше жарық көрген дүниелерімнің ішіндегі көңілімнен шыққандары осылар.
– Қаламыңызға арқау ететін оқиға желісін, кейіпкерлеріңізді қайдан аласыз?
– Шығармаларыма тақырыпты, кейіпкерлерді алыстан іздемеймін. Шығарма арқауын ойдан құрастырып, жасанды кейіпкерлер жасау жазушылық салтыма енбеген. Шынайылықты ұнатамын. Сондықтан да өзім көрген, куә болған жағдаяттарды көркем тілмен суреттеп жеткіземін. Негізгі принципім де осы. Қай тақырыпта жазсам да классикалық үрдіспен, реалистік тұрғыдан жазуға ұмтылатыным рас. Модернизм, посмодернизм, символизм секілді тағы басқа ағымдарға онша жоқпын. Ондай шығармаларды аса құлшынып оқымаймын да. Нақты өмірден алынған оқиғаның ғана желісімен эстетикалық тұрғыдан өрнектеп жазуға тырысамын.
– «Әдебиет – ардың ісі» дейміз, алайда кейінгі кездері қасиетті өнерге үлес қосып жүргендерден пендешілікті жиі байқайтын болдық. Тас жармаса бас жаратын тіл өнерінің киесі болмаушы ма еді?
– Бұл сұрағыңның жаны бар. «Пендешілікті көріп жүрміз» деген сөзіңде үлкен мағына жатқандай. Әрбір шығармашылық иесінің жеке амбициясы да, өзінің таланты мен талабының тапшылығына, қазақ тілінің қасиетіне, қадіріне мән бермей, өзінің жеткен өресінің деңгейінде ғана жаза алатынына қарамастан, атақ-мансапқа өңмеңдеп ұмтылатыны рас. Кейбіреуі сол мақсаттарына жетеді де. Әрине, адам болып жаралған соң бәріміз де пендеміз. Дейтұрғанмен халық өнер бастауына балаған тілдің шұрайына тұшынып, сол арқылы қабілетін көрсетіп жүрген жанның пасықтық әрекетке барғаны, шынында да жүрекке тым ауыр соғады. Сөзге тоқтай білетін біздің халық тіл өнерін киелі деп ұғады. Жаратушыдан берілген бұл өнер кез келгенге бұйырмасы белгілі. Сол себепті де қасиетті қадірлей білу үшін, әсіресе елге сүбелі сөз, орамды ой айтып жүрген әдебиетшілердің адалдықтан, адамдықтан аттамағаны ләзім. Дүйім жұртты сөзіне тоқтата білген адам өзінің биік өрелілігін ісімен де көрсеткені жөн ғой.
Ал енді бүгінгі прозадағы тілге тоқталайықшы. Несін жасырамыз, кейінгі кездері көркем әдебиеттегі тіл ептеп жұтаңдап бара жатқаны рас. Қазақтың үлкен қаламгері, көрнекті прозашымыз Қалихан Ысқақов өмірден озарынан бірнеше жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қазіргі прозада тіл жоқ, бейнелі сөз жоқ» деп айтып кеткен еді. Қазір қарапайым жазамыз деп қарабайырлыққа ұрыну, көркемдіктің кейбір талаптарын мойындамау, ескермеу жағдайлары орын алып жатқаны – шындық. Мұны сыншылар «тілге немқұрайды, салақ қарау» деп жазады. Ал менің ойымша, бұл – таланттың жетіспеушілігі, ізденістің аздығы. Енді адам өзінің белгілі бір күшінен артық салмақты көтере алмайды ғой. Таланты тапшы адамдарға «сен мықты жазуың керек, тілдің қадір-қасиетін төмендетпе» деп қаншалықты талап қойылса да, ол оны орындай алмайды. Өйткені деңгейі – сол. Әттең, соған қарамастан кейбір қаламгерлер өзін үлкен жазушы деп бағалайтыны да рас. Шынын айтқанда, әдеби норма түгілі ауызекі сөйлеу нормасын орындай алмай жатып, терең жазуға құлшынып кететініміз бар. Тіпті қазақтың қарапайым фразеологиялық тіркестерін де дұрыс орынымен пайдалана алмаймыз. Сонымен бірге ескі сөздерді қолдану да азайды. Бейнелі тіркестерді де тым сирек кездестіреміз. Талай шетелдіктерді тамсандырған қазақтың көркем де бай тілінің қазынасын міне осылай кемітіп жатырмыз. Осының бәрін көріп-біліп тұрып, немқұрайды қарауға тағы болмайды. Тілге салақтықты көріп жүрсек те, соңғы уақыттары сынау арқылы мінді түзеуге әрекеттенген әдебиеттанушылардың немесе тілші ғалымдардың мақалалары азайып тұр. Анда-санда тиіп-қашты ғана айтылады. Мен тек өзім кездестіргендерді ғана сөз етіп отырмын. Бәлкім, бұл мәселені түбегейлі жолға қою үшін үлкен талқылаулар ұйымдастыру керек шығар. Әсіресе қазір әлеуметтік желі мен теледидардың пәрмені зор болып тұрған уақытта ана тіліміздің көркемдігін кемітпеу мәселесін тереңінен талқылап, жан-жақты қарастыру керек-ақ.
– Адамның бәрі де жүрек қалауымен өмір сүргісі келеді, алайда тағдыр өз дегеніне көндіреді. Өз өмір жолыңызды салғанда сезім жетегіне ерік бердіңіз бе, әлде ақылдың айтқанына ердіңіз бе?
– Әркім де өз өмір жолын саларда жақсы білім алып, қабілетіне қарай мамандық пен адалдықтан айнымайтын жар таңдауда қателеспеуге көбірек көңіл бөледі ғой. «Көңілдегі көрікті ойды базардағы нарық бұзады» дегендей жас кезімізде көп қиялдаймыз, бірақ оның бәрі орындала бермейді екен. Менің әу бастан армандағаным жазушылық еді, шүкір жүзеге асты. Дегенмен жақсы жазушымын ба, орташамын ба әлде нашар ма, оны енді оқырмандар мен әдебиеттанушылар білер. Әйтеуір, ой-жемісімді көркем тілмен беруге тырысып бағудамын. Шығармаларым жөнінде жылы пікірлер естідім. Оқырмандарымнан хаттар алып жүрдім. Соған қарағанда өзім риза болатын деңгейдемін ғой деп ойлаймын.
Сезімге ырық беретін жағдайлар да болады. Әйтсе де бір-ақ рет берілетін өмірде сүрінбеу үшін сезімді ақылға жеңдіретін сәттеріміз көп қой. Әрине, қателіктер де көп кетті. Бірақ бас жарып, көз шығаратындай өрескелдік емес, тұрмыстық жағдайда, адамдармен қарым-қатынаста, қызмет бабын реттеуде қателескен тұстарым болды. Өткен іске өкінуден ештеңе өзгермейді, қажеті де жоқ оның.
Сезім жетегіне махаббат мәселесінде ересің ғой. Бір қызығы, өзім ұнатқан қыздардың маған көңіл бөлгендері аз болды. Зайыбым Ботагөзбен ақыл тоқтатқан жаста табыстық, түсіністік, шүкір, жарасымды тіршілік кешудеміз.
– Өнердің қай түрі де киелі болғандықтан алып жүру оңай емес, балаларыңыздың осы жолға түсуін қолдадыңыз ба?
– Әлгінде айтқанымыздай, адам бойына табиғатынан қонған өнерді алып жүру үлкен жауапкершілік жүктейді. Балаларыма мамандық таңдауда ақыл айтып, кеңес бергенімде «Әдебиеттің, өнердің жолына түспеңдер» дедім. Екі қыз, бір ұлым бар. Олардың нақты ғылыммен айналысқанын қаладым. Соған қарамастан «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ұлым Айдын өзіме жақын өсіп, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология бөлімін бітіріп, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келді. Қыздарым Ая мен Дина білімдерін халықаралық деңгейде арттырып, қазір өз мамандықтары бойынша қызмет етіп жүр. Үшеуі де өз мамандықтарына риза секілді.
– Кез келген есті адам өз қоғамындағы құбылыстарға бейжай қарай алмайды. Айналаңызда болып жатқан жағдайлардың әсіресе қайсысы жаныңызға батады?
– Жаныма бататын жағдайлар шығар­маларымда көрініс беріп жатады. Қоғамды құраушы адамдар ғой. Қандай жағдайға да қоғамды, заманды кінәлау дұрыс емес. Нендей келеңсіздік орын алса да жекелеген адамдардан шығады. Сондықтан да әрбіріміздің көкейімізде «бүгінгі іс-әрекетіммен өз қоғамымды қалыптастырып, ертеңге ізімді жалғайтын ұрпағыма үлгі көрсетемін» деген ой тұрса, ешкім азғындыққа жол бермес еді. Тілге бай қазақтан сөз артылған ба, «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» дейді ғой. Әлеуметтік жетіспеушілік те кейде қылмысқа апарады. Енді біреулер Абайша айтқанда «қарыны тоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын» дегеннің керін келтіреді. Жетіспеушіліктен қастандыққа барғандар да, күйігін басу үшін ішімдікке, нашақорлыққа салынғандар да, баршылықты көтере алмай шалқайып, шалыс басатындар да сол әрекетімен өзінің келешегіне жол салып жатқанын ескерсе ғой, әттең… Бала-шағасына нан тауып беру үшін әлдекімнің нәсібін ұрлау мен көңілін көтеру үшін біреуді қорлау да өз тамырына балта шабады. Қазір жаға ұстататын жағдайлар жиі көрініс беріп жүр ғой. Соның бәрі де келешегімізге кесірін тигізбесе екен деп алаңдаймын.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігінің тұрақтылығы, еліміздің болашағының баяндылығы мейлі қарапайым жұмысшы бол, мейлі асқан дарын бол, әрқайсысымыздың әр әрекетімізге, тіпті ауыздан шыққан сөзімізге, түпкі ойымызға байланысты. Осыны ұмытпайықшы!
– Өзіңіз «Көнбіс бәйбіше» атты әңгімеңізде жазғандай, адалдықтан аттап, серттескен жанына сатқындық жасаушылық қазіргі уақытта белең алып жатқаны жасырын емес. Бұл өзгерген уақыттың жарасы ма әлде адамгершіліктің тым төмендеп кеткені ме, қалай ойлайсыз?
– Бұл имансыздықтың дендеп кіріп алғанының кесірі. Иман бар жерде ұят бар. Ал ұят артық әрекетке, тіпті қалыс қадам жасауға, аузыңнан шалыс сөз шығаруға жол бермейді. Барға қанағат еттіреді. Сұғанақ пиғылдан алыстатады.
– Өзіңіз кімдерді үлгі тұтып өстіңіз, кімдерді ұстазыңызға балайсыз?
– Шығармашылықта әркімнің алдына үлгі ететін бір тұлғасы болатыны заңдылық секілді. Бала күнімізде бізге ұсынылған әдебиет кеңестік дәуірдегі сол заманның талабына, реалистік, эстетикалық талапқа сай келген қаламгерлер еді ғой. Солардың ішінен менің көңіліме ұнағаны, шетелдік жазушылардан көбірек оқығаным Джек Лондон мен Николай Гоголь болды. Осылардың шығармалары адамның жан-жүрегін қопара ашқан тереңдігімен, шеберлігімен ұнады. Одан басқа Чеховты, Тургеновты оқып өстік. Прозаны қалай жазу керегін үйреткен өзімнің сүйіп оқыған жазушыларым да бар. Қазақ жазушылары ішінен мен үшін Мұхтар Әуезов алдыңғы кезекте тұрады. «Абай жолын» 3-сыныптан бастап оқыдым. Әңгімелерімен де ерте жастан таныстым. Одан кейінгі бар ынтаммен оқығаным – Сәбит Мұқанов. Қазіргі уақытта осы жазушыға қатысты түрлі пікірлер айтылады, біреулер оны қолдамайды, құптамайды. Сәбеңнің әңгіме айтудағы шеберлігі, оқиғаны қиыстыра білетіндігі, характерді ашудағы өзінің өрнектері, қазақи ұмытылып бара жатқан тіркестерді жандандырып шығаруы, осының бәрі жиналып келіп, оқырманға эстетикалық әсер беруі менің көңілімдегі көркемдік талаптармен қабысып жатады. Жас кезімде оқыған ол кісінің романтикалық сарындағы «Балуан Шолақ», «Мөлдір махаббат» және өзінің өмірбаяндық шығармасы «Өмір мектебі» секілді дүниелері қызықтырды. Кейін тіпті қайталап та оқыдым. Сәбеңнің татымды шығармаларын ешкімдікіне ұқсата алмаймын. Кейінгі жазушылардан Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин сияқты қаламгерлердің жазғандары ерекше әсер қалдырды. Бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысының өзіндік оқырманды тартатын ерекшеліктері бар.
– Әдетте әдеби шығарманы көп оқығанда өз ойымызда адам бейнесін биіктен қалыптастырып аламыз. Алайда өмірде олай болмайды. Содан көңілде түңіліс туады, сенімсіздік пайда болады. Кітапты көп оқудың зияны бар ма?
– Бұл сұраққа айтар ойды өзің де ептеп шетін шығарып қойған екенсің. Бұл пікіріңнің жаны бар. Расында, көркем шығарманы оқығанда кейіпкерді үлгі тұтып аламыз да соған сенеміз. Содан идеал жасаймыз. Өйткені жазушы саған солай ұсынып отыр. Сол арқылы өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырамыз. Әдеби қаһарманға сену әрекеттері туады да өмірден соны іздейміз. Мәселен, қыз бен жігіт арасындағы махаббат жайын алып қарайық. Көптеген қазақ жазушыларында бекзат бейнедегі жаны нәзік, парасаты биік, өзі сұлу қыздар бір қарапайым жігітке ғашық болады. Басқасын айтпағанда, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарындағы» Меңтай қарапайым солдат, шалағайлау Ерболға ғашық. Осыны оқығаннан кейін біздің санамызда да сондай құбылыс болуы керек секілді сақталады. Өз басым соған қатты сенетін едім. Сұлу қыздарға қарапайым жігіттер ұнайды деп ойлап, сан соғып қалған кездерім болған. Шын мәнінде өмірде көрікті қыздар Ербол секілді жадағайлау жігіттерге көз сала бермейді екен. Мүмкін, соғыстан кейінгі кезде сондай болған шығар. Біздің заманда өзім Ерболдай қарапайым болып жүріп, ұнатқан қызым қарамай кетті. Сөйтсем, олар да өздері идеал тұтатын жігіттерді іздейді екен ғой. Бірақ мен оған өкінген жоқпын, өмірден түңілмедім де. Қарапайым өмірдегі оқиға көркем шығармада баяндалғанда түрлі бояу қосылып әрленетінін ұқтым. Кітапты оқу зиян емес, егер қалай оқу керегін білсек. Егер кітапты үстірт оқиға қуалап оқысақ, шығармалар адамға салмақты тәрбие де бермейді, жалықтырып жібереді. Әдебиеттің мәнін, сәнін, эстетикалық өзегін түсініп, бір сөзін қалдырмай оқысақ, оның берер жемісі мол болмақ. Әрине, биік деңгейде жазылған шығарма болса. Ал ортанқол шығармалар оқырманның қабылдау сезімін тұрпайыландырып жіберуі де мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.