Жаңа Зеландиядан жеткен жұмбақ хат | arainews.kz

Жаңа Зеландиядан жеткен жұмбақ хат

190

Орыс әдебиетінің жарық жұлдыздары Евгений Петров пен Илья Ильф бірге жазып шыққан «Он екі орындық» («12 стульев») романы ағайынды авторларды күллі одаққа танымал еткені белгілі. Осы туынды негізінде түсірілген «Он екі орындық» фильмі де әлі күнге көгілдір экраннан түспей, көрерменнің сүйікті киносына айналды. Дейтұрғанмен, талантты жазушы Евгений Петровтың өмірінің соңында өте жұмбақ әрі адам баласы сенгісіз оқиға орын алғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Оның құпиясы осы таңға дейін ашылған жоқ.

Жазушы өмірінің соңғы жылында марка жинауға әуестенеді. Алайда, өзгелерге қарағанда Петровтың марка жинау барысында туындаған қызық бір әдісі болады. Ол жер бетіндегі түрлі мемле­кеттердің бірін таңдап, аталмыш елде жоқ қаланы ойдан шығарып, көше, ме­кен­жай атау­ларын қиял­дан құрас­тырып, хат жолдайтын болған. Әлемнің төрт бұрышын аралап, «Адресат табылмады» деген белгісі соғылып келген хаттағы маркамен өз коллекциясын толықтырып отырған. Алайда, 1939 жылы көктемде Евгений Петровтың Жаңа Зеландия мемлекеті, Хайдбервилль қаласы, Райтбич көшесі, №7 үйде тұратын Мерил Юджин Уизли атты ойдан шығарылған адресатқа жолдаған хаты оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Жазушы хатының мәтінінде: «Қымбаттым менің, Мерил! Сенің ағаң Питтің қайтыс болғанына шын жүректен қайғырып, көңіл айтамын. Бекем бол, досым! Және саған көптен бері жауап жазбағаныма кешірім өтінемін. Ингридтің жағдайы қалай? Қызыңның бетінен сүйіп қой, өсіп те қалған шығар. Жауап күтемін, досың Евгений» делінген.
Хат пошта жәшігіне салынғаннан кейін ай соңынан ай өтіп, өмір жалғаса береді. Евгений Петров аталмыш хатты ұмытып кеткен тұста, күтпеген жерден Жаңа Зеландиядан жауап келеді. Оны оқыған жазушы, өз көзіне өзі сен­бей, еріксіз таңдай қағады. Конверттің сыр­тында: «Мерил Юджин Уизли, Райтбич7, Хайдбервилль, Жаңа Зеландия» делінген. Хат жолдаушының бар екендігін растайтын почта бөлімшесінің мөрбелгісі де соғылған. Бәрінен қызығы хаттың мәтінінде еді: «Қымбатты Евгений! Көңіліңе рахмет! Пит ағайым күтпеген уақытта дүниеден өтті, бүкіл отбасымыз бұл ауыр қайғыны көтере алмай, жарты жыл қара жамылдық. Сондықтан, көп уақыт саған хабарласа алмадым. Біз Ингрид екеуміз сені де, сенімен бірге өткізген үш күнді де ұмытпадық. Глория расында өсіп қалды, сен әкелген ресейлік қонжықпен әлі ойнап жүр. Досың Мерил». Мұнымен түсініксіз жағдайлардың қатары аяқталмайды. Хат мәтініне қоса салынған суретті алған Петровтың қолдары дірілдеп кетеді. Ол суретте бейтаныс еркекпен құшақтаса түскен өзін көреді. Фотодағы күнді аңғарған жазушының бойын тіпті, үрей билейді. Суреттің артында «1938 жыл, 9 қазан» делінген.
Жазушы өз ғұмырында Жаңа Зеландияға табан тіремеген, суреттегі ер адамды ешқашан кезіктірмеген. Алайда, бір жыл бұрын, суретте көрсетілген 9 қазан күні жазушының өкпесіне қатты суық тиіп, ауыр жағдайда ауруханаға түседі. Бірнеше күн бойы дәрігерлер оның өмірі үшін ажалмен арпалысып, аман алып қалады. Тылсым жағдайларға сенбейтін Петров жылдам тағы бір мәрте Жаңа Зеландияға хат жолдайды. Тек жауап келмейді. Бұл тұста Еуропада соғыс басталып, Петров «Информбюроның» әскери тілшісі деген қызметке кірісіп кетеді.
Бірақ, Жаңа Зеландиядан келген жауап хаттан кейін әрдайым күліп жүретін Евгенийдің өз-өзімен тұйықталып, терең ойға кететін кездері көбейеді. Ал, 1942 жылы Евгений Петров Севастополь қаласынан ұшып келе жатқан уақытында Ростов облысында немістердің шабуылынан апатқа ұшырайды. Адам таңғаларлығы, ол қаза тапқан күні жазушының үйіне Жаңа Зеландиядан жауап келеді. Бұл хатта Мерил Кеңес одағы жауынгерлерінің қаһармандықтарына тамсанып, Петровтың өміріне алаңдағанын жазады. Хатта: «Евгений, есіңде ме, біз көлге шомылып жүрген уақытта, мен суға батып кетпеймін, мен ұшақта апатқа ұшырауым мүмкін дегенің? Осы сөзіңнен қорқамын. Сенен өтінерім, ұшақпен азырақ ұшшы!» деген жолдар бар.
Иә, егер жазушы Евгений Петров шын мәнінде өмір есігін ашпаған пенде болса, бұл қиялдан туған фантастикалық желідегі оқиға дер едік. Алайда, орыстардың скептиктері мен биографтары әлі күнге осы тылсым хатқа байланысты бір байламға келе алмауда. Тіпті, ресейлік кинорежисерлердің арасында жаңазеландиялық Мерил Юджин Уизлиді хатта көрсетілген мекенжай бойынша іздегендер де бар. Ал, режиссер Алексей Нужный болса, Евгенийдің бастан кешірген оқиға желісі бойынша «Конверт» фильмін де түсірді. Сондықтан, бұны қиялдан туған оқиға деп біржақты айтуға келмейді. Бәлкім, жазушы басқа кеңістікте дәл біздей өмір сүріп жатқан адаммен байланысқа түсті ме екен? Әлде, ол қиялынан туған адаммен хат алмасты ма? Оны дәл қазір тап басып айту қиын. Бірақ, бұл да бір тарихтың біз білмейтін тылсым жұмбағы.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.