ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ҚАНША МЕКТЕП ЖАҢАРАДЫ?

Білім сапасын көтеру – басты назарда. Ал оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін қолайлы орта керек. Бұл ретте мәселе апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын, орын тапшылығы туындаған мектептерге келіп тіреледі. Сондай-ақ білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы заманға сай жабдықталуы тиіс. Жалпы ғимараты ескі әрі тар мектептерде білім алып жүрген балалардан қандай жетістік күтуге болады?
Қазір оқушылар жазғы демалысқа шыға сала басталатын мектептердегі ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының қарқын алған шағы. Бұдан бөлек былтырғыдан өтпелі жаңа ғимараттардың құрылысы жүріп жатыр. Биыл өңірімізде 14 білім мекемесінің құрылысын жүргізуге 4,9 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оның 9-ы жыл соңына дейін құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. 4-еуіне республикалық, 5-еуіне жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлінген. Қалғанының құрылысы 2019 жылы аяқталады.
Облыстық білім басқарма­сының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде 15 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджет есебінен 2,4 миллиард теңге қарастырылған екен. Оның 13-і мектеп, 1-еуі балабақша, тағы бірі – мектептен тыс білім беретін мекеменің ғимараты. Сала басшылары құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатқанын, белгіленген мерзімде пайдалануға берілетінін айтады. Дегенмен үш айлық демалыс та ортасынан ауып қалды. Білім мекемелері жаңа оқу жылы басталғанша дайын бола ала ма? Осыны білу үшін Тараз қаласындағы құрылысы жүріп жатқан №24 гимназияға барып, мән-жайымен танысып қайттық.

Мектеп жанынан салынып жатқан қосалқы оқу корпусының құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу қалыпты. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, нысан аз күнде пайдалануға берілмекші екен.
Жалпы гимназияның негізгі ғимараты 550 орынға арналған. Бұған дейін мұнда 1258 оқушы үш ауысымда білім алып келген. Осыны ескеріп, мектепке жапсарлас 300 орынға арналған оқу корпусын салуға шешім қабылданған еді. Міне, енді соның арқасында мектеп 1 қыркүйектен бастап екі ауысымда оқитын болады.
Осылайша тараздық жеткіншектерді жаңа оқу жылында жақсы жаңалықтар күтіп тұр. Заманауи үлгіде салынған ғимарат құрылысын республикалық бюджет есебінен «Болашақ Строй Group» ЖШС жүргізуде.
– 2017 жылдың 27 шілдесінде басталған құрылыс бүгінде толық аяқталды. 3 қабаттан тұратын оқу корпусында 14 кабинет бар. Асханасы мен спорт, акт залдары екінші блокта орналасқан. Ескі мектеппен қосатын галерея жасалды. Құрылысқа 150-ге жуық жұмысшы тартылды. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Құрылысқа сапалы материалдарды пайдаландық. Талаптар қатаң сақталды. Өйткені бұл білім ордасы болғандықтан ыждаһаттылықты талап етеді, – деді құрылыс алаңының басшысы Талғат Мырзамұратов.
Гимназияның шаруашылық меңгерушісі Наталья Савинова: «Мердігерлер құрылыс жұмыстары барысында бізбен үнемі ақылдасып отырды. Бәрін сапалы, ойдағыдай етіп жасап бергендеріне рахмет айтамыз. Гимназияның негізгі корпусының көше жақтағы кіреберісі бұрын асфальтталған еді. Оны алып тастап брусчатка төсеп берді. Бұл олардың қызметіне кірмесе де балаларға қолайлы болсын деп жасап отыр», – деді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, енді балалар алаңсыз дене шынықтырумен айналыса алады. Себебі спорт залы толық жабдықталған. Сырттағы футбол алаңын көгалға айналдырған. Сонымен қоса волейбол алаңы да бар. Жаңадан бой көтерген жапсарлас ғимарат ауласына да брусчатка тасы төселген. Ал физика, химия, информатика, лингафон кабинеттері толығымен жабдықталған және жаңадан «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылмақшы.
Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, жаңадан бой көтерген ғимараттардың есебінен биыл үш ауысымды тағы екі мектептің мәселесі шешіледі екен. Атап айтсақ, олар – Байзақ ауданындағы 300 орынға арналған білім ошағы және Тараз қаласындағы Шөлдала массивіндегі 900 орындық мектеп. Нысан құрылысы аяқталған соң ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар былтыр апатты жағдайдағы үш мектептің құрылыс жұмыстары басталып, биыл тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған еді. Оның біреуі – Қордай ауданы Соғанды ауылындағы №33 негізгі мектептің орнына салынып жатқан 50 орындық білім мекемесі. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания – «ТемирСтройСервис и Со» ЖШС. Ал Қордай ауданы Көктөбе ауылындағы 50 орындық жаңа ғимарат №40 негізгі мектептің орнында бой көтеруде. Құрылыс жұмыстарын «ЦентрСнабСервис» ЖШС өз мойнына алған. Сондай-ақ 120 орындық мектеп Талас ауданы Қасқабұлақ ауылында салынуда. Мердігер «Керуен-Сервис» ЖШС құрылысты шілде айының соңына қарай аяқтамақ.
Білімге құйылған қаржы ол – болашақтың инвестициясы. Аудан, ауылдардағы білім ошақтарындағы орын тапшылығын жою мәселесінің күн тәртібінен түспейтіні де сондықтан. Осы мақсатта қолға алынған Жуалы ауданы Қызыларық ауылындағы және Меркі ауданы Сұрат ауылдық округіндегі 150 орындық орта мектептер мұғалімдерді бірнеше ауысымды оқыту жүйесінен құтқаратыны анық.
Бұл мектептердің құрылысы жақын күндерде аяқталады деп күтілуде. Ал Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағын аудан тұрғындарының тілегіне қарай жаңадан бой көтерген 1200 орындық мектепті қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Былтырғыдан өтпелі нысанның құрылыс жұмыстары кестеге сай жүруде.
Қазір жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қыза түскен. Бүгінде Қордай ауданының өзінде төрт мектеп, бір колледжде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Қордай ауылындағы №47, Абай ауылындағы №3, Бетқайнар ауылындағы №27, Жаңатұрмыс ауылындағы №29 орта мектептер және №7 Бетқайнар колледжінің жатақханасы қайта жаңғыртылуда.
Осындай жұмыстар Меркі ауданындағы Қ.Сарымолдаев ауылындағы №1 және Тәтті ауылындағы №13 орта мектепте қолға алынған. Бүгінгі күні білім мекемесінің ауласы абаттандырылып, мектептің №1, 2 бөліктерінің шатырлары ауыстырылуда. Шу ауданы Төле би ауылындағы Е.Бекмаханов, Байзақ ауданындағы Ленин және Мырзатай, Ғ.Мұратбаев атындағы, Жамбыл ауданындағы Гродиково, Пригородное ауылының Ә. Әйтиев атындағы орта мектептерге де күрделі жөндеу жүргізілуде. Ал Ақбұлым ауылындағы Б.Бесбаев атындағы орта мектеп іріктеулі күрделі жөндеуден өтуде.
Оқушылардың жаңа оқу жылынан ерекше жаңалық күтетіні белгілі. Олардың тілегі – cәулеті мен сәні келіскен білім ордасында оқу. Ал білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы стандарттарға сай болуы үшін алдымен, еліміздегі үш ауысымды және апатты жағдайда тұрған мектептердің санын азайту қажет. Сондықтан Елбасы бұл мәселені мейлінше жылдам шешуді міндеттеп отыр.

Басқы бет

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.