Жамбылда 6 ай ішінде 900 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді

Электрондық үкімет және мемлекеттік қызметтерді онлайн режімде алуға көшудің тиімділігі жайында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацисының Жамбыл облысындағы филиалының директоры Данияр Медетбеков айтып берді.

«100 нақты қадам» — Ұлт жоспары  аясында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы құрылды. Ол  мемлекеттік 621 қызмет түрін көрсетеді, ондағы 452 қызмет электрондық форматта жүзеге асады. Жамбылдағы филиал алғашқы жартыжылдықтың ішінде 900 мың мемлекеттік қызметті көрсетіп үлгерді, ондағы 450 мың қызмет электрондық форматта орындалды. Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша 35 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді»,-дейді Д. Медетбеков.

Данияр Медетбековтің айтуынша, Жамбыл облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық билік порталын үйде немесе жұмыста қолдана алмайтын азаматтар үшін бар жағдай жасалуда.

«Әрбір фронт-кеңселерде «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторы жұмыс жасайды. Мемкорпорация мамандары түсіндіру жұмыстарын өткізіп, электрондық үкімет порталы арқылы қызмет алудың амалдарын көрсетеді. Олар жылдың басынан бері өңірдің 480 мекемесі мен ұйымына барып, 87 мың адамға қызмет көрсеткен. Осындай 19 сектор жұмыс жасайды. Жарты жылдың ішінде жамбылдықтарға 330 мың қызмет көрсетілген», — деді спикер.

Сондай-ақ, Д. Медетбеков жаңа қызметтер мен сынамалы жобалар туралы сөз қозғады.

«Азаматтарға арналған үкімет» «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп баланың дүниеге келуіне қатысты қызмет көрсету бойынша сынамалы жобаны ұсынды. Енді дүниеге келген сәбилерді тіркеу үшін өтініш автоматты түрде түсетін болады. Барлық мағлұматтар әртүрлі мемлекетітк органдардың ақпараттық жүйелерінен түсетін болады. Мәліметтер жетпей жатқан жағдайда қызмет алушы адамнан СМС-хабарлама арқылы сұратылады», — деді Д. Медетбеков.

Сондай-ақ, жақында электрондық үкімет порталында «Анықтамасыз қызметтер»  бөлімі өз жұмысын бастаған еді.

«Енді азаматтарға мемлекеттік органдарға мекенжай мен жылжымайтын мүлікке құқығы жөнінде тіркелген анықтама әкелудің қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар қажет мағлұматтарды электрондық үкімет порталы арқылы сұрататын болады. Сондай-ақ, мекенжай бойынша онлайн-тіркеу тәртібі өзгерді. Енді тіркелу үшін небәрі 20 минут қажет», — деді Д. Медетбеков.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.