Зейнетақы жарнасына зейін салу керек | arainews.kz

Зейнетақы жарнасына зейін салу керек

167

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалында БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Онда филиал директорының орынбасары Мұхтар Мұсаев пен өзге де бірқатар мамандар осы жылдың алты айында қол жеткізген негізгі көрсеткіштерге шолу жасап, жұртшылықты қашықтықтан және көзбе-көз қызмет көрсету жайынан хабардар етті.
– 1 шілдеде зейнетақы жинақтары 9 пайызға өсіп, жалпы сома 8,4 триллион теңгені құрады. Жыл басынан бергі жинаққа қосылған сома – 663,6 миллиард теңгеге, ал, облыс бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 282,2 миллиард теңгеге жетті. Биылғы алғашқы жартыжылдықта салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 356,4 миллиард теңге болып отыр. Жыл басынан бергі қол жеткізген табыс – 4,5 пайыз. Дегенмен, бұл кезеңде инфляция деңгейі 2,6 пайыз болды, – дейді филиалдың барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Медет Үкібаев.
Жалпы, биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 5,6 миллионнан астам адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын аударған. Бүгінде 8 457-ден астам салымшымен байланыс орнатылған. Оның ішінде 2 969-ға жуық салымшы өз зейнетақы шоттарына 64,6 миллион теңге жарна аударыпты. Ал, төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 100,9 миллиард теңге болса, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 8,8 миллиард теңгені құраған.
Қашықтықтан және көзбе-көз қызмет көрсету қорытындысы бойынша қордың 1 шілдеге қарай салымшыға шот ашудан бастап, зейнетақы төлемдерін алуға дейінгі электрондық форматта барлық негізгі қызметтерді көрсету әлеуеті артқан. Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру бойынша компанияларға аудару және ерікті жарналар бойынша төлемдер алу секілді онлайн-сервистер әзірленіп жатыр екен.

Н.Болатұлы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.